Акриса Дариға Бадықова жақында продюсерлік қабілетін шыңдап көрмек. Оның «Таптым-ау сені» фильмі 1 желтоқсаннан бастап үлкен экранға жол тартады. Фильмнің түсірілім барысында болған қызық оқиғалар туралы Дариға Бадықова Massaget.kz тілшісіне айтып берді.
«Қатты уайымдадым»
Оның айтуынша, түсірілім барысы өте қиын болған.
«Әйелдің рөлінен еркекшора рөлге өту оңай болмады. Төрт күн бойы түсірілім алаңында күлкіге қалдым. Маған ешкім сенбеді. Көңіл-күйім түсті. Режиссер, оператор дегендердің бәрі сырттан бақылаушылар ғой. Ешкім ұнатпайды, режиссер тіпті уайымдады. Қатты уайым болды. Бірақ мен жақсы тәсіл таптым. Өзімді ұжымға, Олжасқа толық сеніп тапсырдым. Көп сөйлемеуге, қабағымды түйіп жүруге тырыстым», – деді ол.
Ол фильмді қарыз алып түсіргенін айтты.
«Бұл туындыны екі құрбымнан қарыз алып түсірдім. Сіздерден ештеңе жасырмаймын. Бұл фильм әкемнің рухына арналады. Продюсер болғанымды әлі сезінбедім. Менде «продюсер болдым, өзімді бір басқаша ұстайын» деген нәрсе жоқ. Өзімнен кішілерге кәсіби жұмыс істеуді, сапалы өмір сүруді үйреткім келеді. Бұл фильмді қатты уайымдаймын. Осы туынды арқылы жүрегімнің түбіндегі бір дүниені шығарғандай болдым. Бұл әр әйел затының тұрмыс-тіршілігінде кездесетін жағдай. Фильм түсірудегі мақсатым – ақша табу емес. Өзімді басқа образда көрсеткім келді. Әйтпесе, 7 жыл бойы «Келінжанмен» танылдым ғой», – деді ол.
«Түсірілім барысында апатқа ұшырап қала жаздадық»
Актер Олжас Абай кинода Дариға Бадықовамен бірге басты рөлдің бірін сомдайды. Оның айтуынша, түсірілім барысында апатқа ұшырап қала жаздаған.
«Дариға Бадықованың алғашқы фильмі ғой. Былайша айтқанда, баласы десек болады. Бізді де баласындай көрді ме, түсірілім алаңында айқай-шу көп болды. Кинода мотоцикл айдады. Оның қасында «люлькада» отыру мен үшін өте қиын болды. Өйткені осындай кісіге тағдырыңды сеніп тапсыру қиын. Талай рет түсірілім барысында апатқа ұшырап қала жаздадық», – деді ол.
Режиссер Анвар Матжановтың айтуынша, бір күнде бірнеше дубль түсірген сәттер көп болған.
«Екі күн бір сахнаны түсірдік. Сонда бір күнде 100 дубльден 200 дубль болды. Бірақ мен актерларыма сендім. Себебі оларды бұрыннан танимын.
Түсірілім қай күні болатынын білгеннен кейін Дариғаға «сен мотоциклді қазір сатып ал, үйрен» дедім. Ол үй жағына барып, мотоцикл алды. Сосын бір күні «мен үйрендім, алаңсыз айдай беремін» деді. Сосын бәрі дұрыс деп ойладық. Түсірілім алаңына келіп, рульге отырды. Бірақ мотоциклді орнынан қозғалта алмады. Екі күн солай жүрді. Бірақ Дариғаға рахмет. Екі күн қиналды, үшінші күні өзін қолға алып, әрі қарай алып кетті», – деді ол.