Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қала тұрғындарына үндеу жасады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әкім әлеуметтік желідегі парақшасында өңірдегі жағдай туралы бейнежазба жариялады.
Оның айтуынша, 8 ақпандағы жағдай бойынша, 7 республикалық және 7 облыстық маңызы бар автожолдар жабық.
«Апаттық-құтқару жұмыстарына 46 полиция жасағы, төтенше жағдай, әскери бөлімдер мен жергілікті атқарушы органдардан 81 бірлік техника, 211 жеке құрам тартылды. Облыстың 8 ауданының орталығында, яғни Қарғалы, Қобда, Әйтеке би, Алға, Мұғалжар, Хромтау, Байғанин, Мәртөк аудандарында 11 жылыту пункті ашылды, онда 427 адам, оның ішінде 18 әйел және 20 бала орналастырылды. 8 автобус қар құрсауынан шығарылып, 157 адам, оның ішінде 17 бала эвакуацияланды және жақын жердегі жылыту пункттеріне жеткізілді. Полиция трассалардағы 50-ден аса автокөлікті құтқарды», – деген Асхат Шахаров.
Ол өңірдегі жарық беру мәселесіне тоқталып, бригадалардың түнімен жұмыс істейтінін тілге тиек етті.
«Облыстағы 56 ауылдың 27-сінде жарық қосылды. Ол – 2700 абонент. Ақтөбе қаласында да жарық сөнді. Қала және аудандарда жарық беру жұмыстары түнімен жүргізіледі», – деп атап өтті облыс әкімі.
Ал сумен қамту бойынша «Төменгі Қарғалы» және «Тамды» бастоғандары, сондай-ақе қаланың су тазарту нысандарының жұмысы қалпына келтірілген.
Бейнежазба аяғында өңір басшысы сын сағатта күндіз-түні қолдау көрсетіп, жолдағы азаматтарға барынша қол ұшын созып жатқан мейірімді жандарға, волонтерлерге алғыс айтып, баршаны болған жағдайға түсіністік танытып, сабыр сақтауға шақырды.
«Біз әрқашан біргеміз. Амандықта болайық», – деп сөзін түйіндеді Асхат Шахаров.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысы мен Ақтөбе қаласы аумағында ауа райына байланысты төтенше жағдайлар тіркеліп жатқаны хабарланды.