2024 жылғы 5 шілдедегі «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына сәйкес, “Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізілген болатын.
Осыған байланысты Астана қаласында 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап, Кассациялық соттар құрылады. Кассациялық соттар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, олардың құқықтарын қорғауға оң әсер ететін болады.

Соттар әкімшісінің басшысы Зульфия Кабдуллина
2023 жылдың 19 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты судьяларының, судьялар одағының орталық кеңесінің, облыстық сот төрағаларының және сот жүйесінің ардагерлері мен Сот әкімшісі басшылығының қатысуларымен «Дербес кассациялық соттарды құру» мәселесі төңірегінде дөңгелек үстел өткізілген болатын. Дөңгелек үстелде Жоғарғы Сот төрағасы А.А.Мергалиев сот жүйесіндегі жүргізіліп жатқан реформалардың, соның ішінде судьялардың тәуелсіздігі мен сот әділдігін цифрлық өнімдерді енгізу арқылы жүзеге асырудың тиімділігін арттыру бағытындағы оң өзгерістерге тоқталып, Мемлекет басшысының дербес кассациялық соттарды құру туралы тапсырмасын мүлтіксіз орындау қажеттігін атап өтті.
Жалпы «кассация» деген сөздің өзіне келетін болсақ, ол латын тілінен аударғанда quasso – талқандаймын, қиратамын, cassatіon – жою, бұзу дегенді білдіреді.
Әлі заңды күшіне енбеген сот үкімі немесе шешімі жөніндегі шағымды кассациялық шағым (қазір апелляциялық шағым) дейді. Ол мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың іс-әрекеттері жөнінде шағымдануға азаматтардың конституциялық құқығын жүзеге асыру нысандарының бірі болып табылады. Кассациялық шағымды заң бойынша осыған құқылы адам, жеке немесе заңды тұлға шешім немесе үкім шығарған сот арқылы не тікелей кассациялық сатыға бере алады.
Жалпы Қазақстан Республикасының сот жүйесін — Жоғарғы Сот және жергілікті соттар — облыстық және оларға теңестірілген соттар, аудандық (қалалық) соттар құрайды. Конституция қандай да бір атаумен арнаулы және төтенше соттарды құруға жол бермейді. Бірақ бұл мамандандырылған соттарды құруға болмайды дегенді білдірмейді. Сот билігі сот ісін жүргізудің заңмен белгіленген түрінде жүзеге асырылады. Соттардың адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін зандар мен өзге де нормативтік-құқыктық актілерді қолдануға құқы жоқ. Енді сот жүйесінің буындарын қарастырсақ.
Аудандық (қалалық) соттар — соттар жүйесінің негізгі буыны — сот әділдігін жүзеге асыруда ауқымды құзыретке ие және сот жұмысының елеулі блігін атқарады. Оларды ауданда, қалада (аудандық маңызы бар қалаларды қоспағанда), қала ауданында Әділет министрлігінің ұсынысы бойынша Президент құрады.
Мұндай соттар төрағадан және аудандық судьялардан тұрады. Аудандық (калалық) сот өзге соттардың жүргізуіне жататын істерден басқа бірінші сатыға жататын барлық істерді қарайды.
Облыстық және оларға теңестірілген соттар (мысалы, Астана мен Алматының қалалық соттары) — орта буын соттарын — Президент құрады. Бұл буындағы соттар жүгіну, кассациялық және қадағалау ретіндегі бірінші саты соттары ретінде, сондай-ақ аудандық (калалық) соттарға катысты жоғары тұрған сот ретінде әрекет етеді.
Қаралып отырған соттар сот төрағасынан, алқалар төрағаларынан және тұрақты судьялардан тұрады.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты — сот жүйесінің ең жоғары буыны. Жоғарғы Сот азаматтык, қылмыстық және жалпы сот ісін жүргізудің соттарда қаралатын өзге де істер жөніндегі жоғары сот органы болып табылады. Заңда көзделген іс жүргізу нысандарында өзінен төмен тұратын соттардың қызметін қадағалауды жүзеге асырады. Нормативтік қаулылар алу жолымен оларға сот практикасының мәселелері бойынша түсініктемелер беріп отырады. Жоғарғы Сот төрағадан, алқа төрағаларынан және тұрақты судьялардан тұрады.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес: Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасын, алқалардың төрағаларың және Жоғарғы Соттың судьяларын Республиканың Жоғарғы Сот Кеңесінің кепілдемесіне негізделген Республика Президентінің ұсынуымен Сенат сайлайды. Облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағаларың, алқаларының төрағаларын және облыстық соттар мен оларға теңестірілген соттардың судьяларын Жоғарғы Сот Кеңесінің кепілдемесі бойынша Президент тағайындайды. Басқа соттардың төрағалары мен судьяларын Әділет біліктілік алқасының кепілдемесіне негізделген Әділет министрінің ұсынуы бойынша Президент қызметке тағайындайды.
Бұл бағытта, 2023 жылғы қазан айында Жоғарғы Сот тарапынан мүдделі тұлғалармен, соның ішінде, Депутаттар корпусымен, орталық мемлекеттік органдармен, бизнес, заң құрылымдармен және халықаралық ұйымдармен кездесулер өткізілді.
Сәйкесінше, Қазақстан Республикасының заңдарына да тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Соның ішінде, «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2024 жылғы 5 шілдедегі №109 Конституциялық Заңымен «Республикалық референдум туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы», «Қазақстан Республикасының Президентi туралы», «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңдарына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы «2-1-тараумен толықтырылды. Бұл тарауда кассациялық соттар жөнінде нормалар көзделген.
Аталған тараудың 16-2-бабына сәйкес Кассациялық соттарды Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғары Сот Кеңесімен келісілген ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті құрады, қайта ұйымдастырады, атауын өзгертеді және таратады. Кассациялық соттар судьяларының жалпы санын Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғары Сот Кеңесімен келісілген ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді. Жоғарғы Сот Төрағасы уәкілетті органның ұсынуы негізінде әрбір кассациялық сот үшін судьялардың санын Жоғары Сот Кеңесімен келісу бойынша белгілейді.
Бұл өзгерістер мен толықтырулар 2025 жылдың 01 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Кассациялық соттың құрамы шамамен 100-ге жуық судьялардан тұратыны жоспарлануда. Кассациялық сот судьясы ретінде заң саласындағы жұмыс өтілі 18 жылдан кем емес, судья лауазымдағы жұмыс өтілі 8 жылдан кем емес, соның ішінде, облыстық сот судьясы ретінде 3 жылдан кем емес жұмыс өтілі бар азамат бола алады.
Кассациялық тәртіпте, заңды күшіне енген сот актілері қарау, алдын ала қарауды өткізбеу, істі мәні бойынша ақылға қонымды 6 айға жуық мерзімде қарау, кассациялық тәртіпте 3 құрамды сот болып қарау көзделген.
Ал, осы өзгерістер мен толықтыруларға дейін, аталған Конституциялық заңының 17-бабының 1-бөлігі негізінде Жоғарғы Сот жергілікті және басқа да соттардың қарауына жатқызылған азаматтық, қылмыстық және өзге де істер бойынша жоғары сот органы болып табылады, оларға қатысты кассациялық саты функцияларын жүзеге асырады және нормативтік қаулылар қабылдау арқылы сот практикасы мәселелерi бойынша түсiндірулер беріп отырады.
Бұл дегеніміз Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының кассациялық саты ретіндегі өз функцияларын тоқтатады деген сөз.
Демек, Жоғарғы Сот тек Республика соттарының істер бойынша сот тәжірибесіне шолулар жасап, қалыптастырады және тиісті түсіндірмелер береді.
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда жұмыс істейтін жаңа кассациялық соттар туралы заң жобасын Мәжіліс екінші оқылымда мақұлдаған болатын. Енді қылмыстық, азаматтық, әкімшілік процестік кодекстерге және басқа да заңдарға түзетулер енгізіледі.
Сот ісін жүргізудің барлық түріне кассациялық қадағалаудың бірыңғай ережелері енгізіледі.
Сот процессі тараптардың шақырылуымен және ауызша жүргізіледі. Дербес кассациялық соттардың құрылуына байланысты Жоғарғы Соттың рөлі өзгермек. Оның қызметі сот практикасын зерделеп, қорытуға, және сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңдылықтың сақталуына негізделетін болады.
Тарихқа көз жүгіртсек, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 75 жылдық тарихындағы еліміздегі құқықтық қатынастарға сай сот әділдігін жүзеге асыруда, оның құрылымдық жүйесін әр жылдардағы замана саясатына сәйкес жетілдіріп, қоғам мен халық мүддесіне орай сот әділдігін жүргізуде Жоғарғы Сот осындай биік белестен өтті.
1994 жылдың 12 ақпаны күні Казақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы туралы» № 1569 қаулысы шықты. Бұл Қаулыда Республикадағы сот жүйесін реформалау туралы жан-жақты айтылды. Әсіресе, сот әділдігін өміршең етуде соттардың кәсіби деңгейін көтеру, оларды ұйымдық жағынан нығайту, іс қарауда соттардың ешкімге тәуелді болмауын тиімділікпен арттырудың жаңа жобасы жасалды. Сондай-ақ, жалпы соттар мен төрелік соттарға жіктелудің де қажет емес екенін анықтап берді. Республика Президенті Жоғары Сот Кеңесінің және Әділет біліктілік алқасының ұсынуымен судьялардың судьялық қызметтік міндетін түпкілікті бекітуді талап етті. Соттардың кызметін жан-жақты қамтамасыз етудегі кадр, ішкі шаруашылық істермен айналысуды сот істерінен бөліп, аппарат басшылығына жүктеу көзделді. Сондай-ақ, сот әділдігін жүзеге асыруда және сот қаулыларын орындауда аппарат ішкі ұйымдастыру жұмыстарына мейлінше көмек-жәрдем беруге тиіс делінді.
Аталған қаулыда судьялардың әлеуметтік жағдайларын арттыру да маңызды мәселе ретінде қаралды. Судьялардың құқықтарын мемлекеттік тұрғыдан қорғап, отбасы мүшелерін әлеуметтік тұрғыдан қорғап, қолдаудың принципті үлгілері нақтылы көрсетілді.
Жоғарғы Сот Республикадағы жалпы соттардың ең жоғарғы ұйымы болып табылатыны атап көрсетілді. Оның қүзыретіне ең жоғарғы лауазымды түлғалардың қылмыстық істері жөніңдегі сот істерін қарау, сондай-ақ, кассациялық, қадағалау сатыларының міндеттері және заңдарды қолдану жөніндегі мәселелерге түсінік беруді жүзеге асыру кірді.
Кассациялық соттардың Қазақстан Республикасында неше түрі болды дегенге келесіне айтуға болады.
Республикамызда бұған дейін де кассациялық соттар қызмет еткен болатын. Яғни, 2011 жылғы 2 қарашадағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне істерді қараудың апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртібін жетілдіру, сенім деңгейін арттыру және сот төрелігіне қол жетімділікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1274 Қаулысына сәйкес «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне істерді қараудың апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртібін жетілдіру, сенім деңгейін арттыру және сот төрелігіне қол жетімділікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді.
Ол бойынша «кассациялық саты» – бірінші және апелляциялық сатыдағы соттың заңды күшіне енбеген үкімдеріне, қаулыларына берілген кассациялық шағымдар (наразылықтар) бойынша істі қарайтын сот;
«қадағалау сатысы» – заңды күшiне енген сот шешiмдерiне берілген өтініштер, наразылықтар бойынша істі қадағалау тәртібімен қарайтын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алқасы, сондай-ақ Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымын немесе Бас Прокурордың наразылығын қарайтын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы болатын.
Кассациялық сатыда істерді қарауды кемінде үш судья құрамындағы алқа облыстық және оған теңестірілген сот төрағасының төрағалығымен жүзеге асырады. Яғни, 2011 жылдан 2015 жылға дейін кассациялық соттар облыстық соттарда болатын.
2015 жылғы 31 қазандағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот төрелігі жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кассациялық соттың құзыры ҚР Жоғарғы Сотына ауысты. Осы Заңның 14-бабына сәйкес кассациялық саты – iстi бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың үкімдеріне, қаулыларына өтінішхаттар, ұсынулар, наразылықтар бойынша қарайтын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алқасы болып белгіленді.
Кассациялық сатыдағы сотта iстердi қарау алқалы сот төрағасының не оның тапсырмасы бойынша судьялардың бірінің төрағалық етуiмен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты судьяларының тақ санды (кемінде үш) алқалы сот құрамымен жүргізіледі.
Iстi алдыңғы сот сатыларында қарауға қатысқан судья сол iсті кассациялық сатыда қарауға қатыса алмайды. Істі кассациялық сатысында қарауға қатысқан судья сол істі төмен тұрған сатылардағы соттарда қарауға, сондай-ақ осы Кодекстің 484-бабының төртінші бөлігіндегі тәртіппен кассациялық сатының қаулыларын қайта қарауға қатыса алмайды.
Істі бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыларда қарауға қатысқан судья осы істі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қарауға қатыса алмайды.
Сондай-ақ кассациялық сотты тәжірибеге енгізу сотқа кететін қаржыға нұқсан келтірмей, азаматтардың ұсыныс-талабын ескере отырып шешім шығаруға жол ашады. Астана қаласында азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша үш жеке кассациялық сот инстанциясы құрылады.
Ең бастысы, бұл кассациялық орган толық тәуелсіз болады. Сонымен бірге істердің барлық санаттары бойынша арыздарды кассациялық сатыда алдын ала қарау сатысы алынып тасталуы да басты мәселе. Себебі бүгінге дейін істерді бір судьяның қарап, пайымдауымен алқа қарауына жіберілмей келгені белгілі. Бұл азаматтар мен кәсіпкерлердің заңды ренішін туындатқан еді. Сондай-ақ адвокаттар қауымы барлық санаттағы істерді қарауға тараптар міндетті түрде қатысуы керек, әрі істі алқалы құрам жүргізуі тиіс деген ұсыныстарын алға тартып отырса керек.
Ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында сот жүйесі барынша объективті, ашық және жария түрде сот төрелігін жүзеге асырады. Сот жүйесіндегі барлық оң өзгерістер ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.