Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

23.1 C
Nur-Sultan
28.2 C
Almaty
27.1 C
Shymkent

«КӨСЕМ КӨК – 245» автожорығы бабалар рухын жаңғыртпақ

Танымал

Ел аузында

«Тарихы жоқ елдің тамыры жоқ» десек,  Аллаға шүкір қазақты бұл тұрғыда кенделік жоқ. Ақиқатында халқымыздың  арғы-бергі тарихы сан ғасырларға бойлайды. Көне жұрт, көне өркениетіміз бар десек қателеспейміз. Тілші болғаннан кейін ел ішіндегі жаңалықтарға көз жүгіртіп, шамамыз келгенше үн қосу мамандығымызға деген адалдық болар. Сыртынан сүйсініп, атқарып жүрген ауқымды шараларына тілектес болып жүрген бір топ азаматтар бар. Ол «Амангелді Иман»  қоғамдық қоры. Ұйымның құрылтайшылары да тарих, руханият десе ішкен асын жерге қоятын азаматтар. 

   Қордың мақсаты – Қазақстан Республикасының тарихын насихаттауға, сақтауға, дамытуға жәрдемдесу. Елімізде өтіп жатқан түрлі іс-шараларға демеушілік көрсетіп, жас буынның білімге, спорт пен өнерге құлшынысын арттыру. Бүгін де осындай маңызды шараның куәсі болдық. 

  Тамыз айының алғашқы күнінде «Амангелді Иман» қоғамдық қорын қолдаушылар таңмен таласып, елордамыздағы Кенесары хан ескерткішінің алдына жиналды.  Бұған биылғы Кенесары ханның ержүрек серігі Иман Дулатұлының  245 жылдығы   себеп болды.  Мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837–1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, қазақтың соңғы ханы,  Шыңғыс ханның 27-ші ұрпағы, Кенесары хан мен оның әскерінің (жасағының) соңғы демі қырғыздың Кекілік-Сеңгір аңғарында  шыққанын білеміз. Сонымен қатар  бұл өңірде қазақтың қаншама батырларының қаны төгілгені тарихттан белгілі. 

  Солардың бірі әрі бірегейі Иман Дулатұлының жасы хан Кенеден 20 жастай үлкен болса да, ақылы мен батырлығын сыйлап, Көсем көк, Айекем, Бозжорға деп құрметтеген. Ол да  ханға берген серті мен  адалдығынан таймай, қиын шақта тастап кетпей туған бауырлары Тауық, Қарауыл, Көлбай және баласы Бердалымен бірге сол жерде ерлікпен қаза тапты.  Қорды қолдаушылар батыр бабаның 245 жылдығын ескерусіз қалдырмау мақсатында Кекілік-Сеңгір аңғарына батырлар рухына  белгі қоюды жөн санады. Осы мақсатпен олар бүгін Кене сары  ханның ескерткіші алдына жиналып, сол жерден  арада қанша жылдар ғасыр, жылдар өтсе де ұмытпай, ұлықтап келе жатқан ұрпақтарының  «КӨСЕМ КӨК – 245»  бабалар рухына тағзым автожорығына шығарып салды. 

  «Амангелді Иман» қоғамдық қорының төрағасы Толқын Сұлтан  бұл сапардың мәні мен маңызы жайлы: 

  • Батыр бабаларымыздың басына белгі қою бірнеше жылдан бергі келе жатқан асыл армандардың бірі еді. Биыл сәті түсіп отыр. Құлпытас орнату, белгі қоюдың тарихи мәні зор.  Құлпытас – тарих шежіресі. Кілтін тапсаң, құлпын ашасың. Бабаларымыз жоқтаусыз кетті демеймін, артында қабырғалы елі болды. Бірақ соғыс даласында шейіт болған сарбаздарды ақ кебінге орап, арулап жерлегеніне күмәнім бар. Сондықтан бір әулеттен кеткен бес батырға құрмет көрсету, тарихта қалған ізін айқындау –   перзенттік парызымыз деп есептеймін,-деді. 

Құлпытаста барша қазақ батырларына арналған 

Уа, даңқты бабалар!

Ғұннан қалған ғұрпың бар, 

Аласармас рухың бар!

Сақтан қалған салтың бар, 

«Қазақ» деген халқың бар!

Түрік тектес түрің бар, 

«Ар» деген асқақ үнің бар!

Байрағыңды нық ұстар

Бабаға тартқан ұлың бар!

Дешті Қыпшақ даласын,

Барша түрік баласын

Рухыңмен қорғап тұрыңдар!-деген өлең жолдары бар. 

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

Мойынқұмда табиғатты сүю – тәрбие бастауына айналды

Жасыл желекке оранған табиғат — адамзаттың алтын бесігі. Ал сол табиғатты қорғап, келер ұрпаққа аманаттау — бүгінгі күннің басты...