Елімізде автокөлікке арналған газ тапшылығының айлық мөлшері 25 мың тоннаға жеткен. Энергетика министрі мұны газбен жүретін көліктер санының күрт өсуімен байланыстырды. Оның айтуынша тұтынушылар көбейгенімен, елдегі өндіріс бұрынғы қалпында қалған, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.
2019 жылмен салыстырғанда тұтынылатын газ мөлшері 300 мың тоннаға өскен. Ведомствоның мәліметінше мұнымен еліміздің екі ірі аймағын қамтамасыз етуге болады екен.
Көлік газының тапшылығына Павлодардағы және Атыраудағы мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеу жұмыстары да әсер еткен. Осы себепті нарықтағы газ бағасы өскен. Сатып алушылар тауарды бұл бағада сатып ала алмағандықтан, кей өңірлерге газ жеткізілмепті.
Елдегі жағдайды қалыпқа келтіру үшін ведомство газ экспортына тыйым салу керек дейді.
«Бізде автокөлікке арналған сұйылтылған газды ел аумағынан шығаруға тыйым салынған. Қазір дәл осындай тыйымды темір жол экспортына енгізуді жоспарлап отырмыз. Бағаның қазіргі деңгейі сақталады деп үміттенеміз. Аз ғана өсім байқалуы мүмкін, бірақ әрі қарай нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты баға бір қалыпқа келеді», – деп мәлімдеді Энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жүрекбаев.