Шымкентте жол-жөндеушілер саяси қуғын-сүргін құрбандары жерленген орынды тапты. Жұмысшылар жол жүргізу кезінде қабірлерге тап болған. Тұрғындар бұған дейін адамдар жерленген жерге тиіспеуді сұраған. Алайда бұған мән бермеген әкімдік жол салу жұмыстарын бастап кеткен, деп хабарлайды31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Ауыл тұрғындары қуғын-сүргін құрбандары Қайтпаста, екі сайдың ортасында атылғанын айтады. Тарихшылардың мәліметінше, мұнда жүздеген адамның мүрдесі жатуы мүмкін.
Жұмыс кезінде жұмысшылар бірнеше шұңқырларды тапқан. Үңіліп қараған олар түбінде адам сүйегінің жатқанын көрген. Полиция шақырылып, мамандар қабірді ашуға кіріскен. 80 жыл өтсе де, қуғын-сүргін құрбандарының сүйектері сол күйі сақталған.
Жол салуға белгіленген жерде мұндай шұңқырлар жиі кездеседі. Тұрғындар ойпаң жерлердің барлығы аршып алынбайынша құрылысқа жол бермейтінін айтады.
«Топографиялық түсірілімде, жоспарда бұл жерде бейттің бар екені көрсетілмеген. Мен ештеңе шеше алмаймын. Әзірге жұмыс тоқтады, жүріп жатқан жоқ. Негізгі жоба берілді, сол бойынша істеп жатырмыз», – дейді мердігер компанияның жер учаскесі басшысы Әлішер Ханалиев.
Жергілікті жұрт мұндағы бейіт санын ешкім нақты білмейтінін айтады. Зұлмат жылдарында мұнда айдалған азаматтардың көбісі қайта оралмаған, сондықтан елді мекенді «Қайтпас» деп атаған екен. Олар адамдар оққа ұшқан киелі жерді қорлауға жол бермейтінін мәлімдеді.
«Сайдың өн бойында жасырын жазалау орындары болған. Түнде байларды, кулактарды, оқыған-тоқығандарды алып келіп, көліктің жарығын жағып, атып кеткен. Денелерін қазылған шұңқырға тастап, бетін шала жауып кете берген», – дейді ауыл тұрғыны Өлмесхан Жәнібеков.
Тұрғындар бұған дейін қала әкімдеріне киелі жерде жұмыс жүргізбеу туралы айтқан екен. Алайда тапсырыс беруші құрылыс басқармасы бұдан мүлде хабарсыз болып шықты. Әзірге құрылыс уақытша тоқтатылған.
«Жобалаушыға ұсыныс беріп, осындай жағдайдың орын алғанын айтамыз, түсіндіреміз. Мүмкіндік болса жобаны жылжыту, ауыстыру мәселесін қарастырамыз», – деп хабарлады Шымкент қалалық құрылыс басқармасының бас маманы Шәміл Аманқұлов.