Сондай-ақ өңірдегі өнімдердің қымбатшылық мәселесін қалай шешіп жатқандарын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бір кездері Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны болған Гүлшара Әбдіхалықова өзі басқаратын өңір мен елорданың азық-түлік бағасында айырмашылық барын жасырмады.
“Әрине, Нұр-Сұлтан қаласы астана болғандықтан баға қымбат болатынын білесіздер. Ол біздің республикаға тән жағдай емес. Бүкіл дүние жүзіндегі астаналарда азық-түлік бағасы жоғары болады. Сондықтан салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, әрине Қызылордада баға көптеген позициялар бойынша төмен. Бірақ бір мәселені айта кету керек. Қызылорда облысы 19 әлеуметтік қажеттілігі бар азық-түлік болатын болса, соның тек екеуін ғана толығымен өзі қамтып отыр. Ол – күріш пен тұз. Басқаларын толық қамтымайды. Оларды көрші облыстардан әсіресе Түркістан облысынан әкелеміз”, – дейді әкім.
Оның айтуынша, өңірдегі жұмыртқа бағасы 310-нан 420 теңгеге дейінгі аралықты қамтиды.
“Соңғы кезде жұмыртқаны тікелей өзіміз өндірмегендіктен Қарағанды облысы мен Солтүстік Қазақстан облысынан алып келеміз. Өндірушілер жұмыртқаны қымбаттатып жатыр. Сол себепті Magnum cияқты ірі сауда желілерінде әрине қымбаттау. Бірақ қалада орналасқан 35 әлеуметтік дүкенде 310-340 теңге көлемінде сатуға ұстап тұруға тырысамыз”, – дейді Әбдіқалықова.
Сондай-ақ, әкім өңірдегі азық-түлік бағасын реттеуге соңғы жылдары 2 миллиардтан астам қаржы бөлінгенін жеткізді.
“Жалпы жыл басынан бері қымбаттау байқалады. Оны ашық айтуымыз керек. Қызылорда облысы бойынша 101 пайызға қымбаттады. Соған қарамастан қажетті іс-шараларды қолға алып жатырмыз. Бірінші, ірі сауда орындарында, әлеуметтік дүкендерде, базарларда күнделікті мониторинг жүргізіп отырамыз. Үкіметте әр сенбі сайын бұл сұрақ қаралады. Екіншіден, осы бір жарым жылдың ішінде 2 миллиардтан астам қаржы бөліп, тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік дүкендерге сататын азық-түліктерді алдық. Қала қымбатшылыққа тез тап болатындықтан, аудандарды жинап орталықта 15 жәрмеңке өткіздік. Жаңа жылдың алдында осындай жәрмеңкелер тағы да ұйымдастырылатын болады”, – дейді әкім.
Сонымен қатар, оның айтуынша соңғы 2 жылда осы схема бойынша 15 кәсіпкерлік субъектісіне 1083 млн теңге бөлінген. Пандемия шектеулеріне қарамастан өңірде кәсіп ашуға ынталы азаматтардың қатары артып, Сыр елі облыстар арасында үштік үштікке кірген.