Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-3 C
Nur-Sultan
-1.1 C
Almaty
7.3 C
Shymkent

«Бір қарасам, банк картама 1 млн теңге түсіп тұрады»: Мұхамеджан Тазабек ақшаны қайдан алатынын айтты

Танымал

Ел аузында

Ақшаны үш түрлі жолмен табамын.

Соңғы кезде қоғамда біршама беделге де ие болып, түрлі кері пікір тудырып жүрген азамат бар. Ол – Мұхамеджан Тазабек. Тазабек тілшілерден бойын саяқ ұстайды. Алайда, ақын, «Тәлім TV» директоры сұхбат беруге келісті. 

«Атақ мені өзі іздеп табады»

– Мұхамеджан Оразбайұлы, өзіңізден сұхбат алу көптен бері ойда жүрген еді. Келісім бергеніңіз үшін рахмет.

– Иә, менен сұхбат алғысы келетіндер өте көп. Өтініш айтқан Нартай Аралбайұлы, Нұрсейіт Жылқышыбай, Аман Тасығанмен біраз болды жолыға алмай жүрмін….

Өткенде «Ақ жол» газетінің редакторы Оралхан Дәуітке ғана орайы келді.

– Енді тікелей сауалдарыма көшсем. «Мұхамеджан Тазабек Жамбыл облысының Құрметті азаматы боламын деп құжаттарын мәслихатқа жіберіпті» дейді. Бұл рас па? Сізге осы атақ керек пе?

– Маған түрлі қоғамдық ұйымдардан хабарласып, «Сізді ұсынсақ бола ма?» деп сұрайды. «Жақсы, өздеріңіз қараңыздар. Бірақ маған тікелей қажеттілік жоқ» деп айтамын. Бұл мені осыған лайық деп тапқан қоғамдық ұйымдардың әрекеті ғой.

Жалпы, сыйлыққа қатысты бір нәрсе айтайын. Өз басым бірде-бір сыйлықтың артынан жүгіріп, я болмаса әрекеттеніп алған емеспін. Мәселен, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын 1998 жылы сол кездегі Ақпарат, мәдениет және қоғамдық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбайұлы берген. Одан мүлдем хабарым да болмады. Дархан Қалетаев жақтан журналист Талғат Ешенұлы хабарласып, «министр Алтынбек Сәрсенбаев осы балаға берілу керек» деп тапсырма берді» деді.

Дәл сол уақыт менің аузыммен құс тістеп тұрған кезім. Әйтеуір құжаттың қалай жиналғаны да есімде жоқ, бірақ Алтекең осы сыйлықты берді.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» де – үлкен атақ. Шетелде жүрсем, көмекшілеріме Президент әкімшілігінің адамдары хабарласыпты.  «Аға, сізді қайраткерлікке қоғамдық ұйымдардан ұсынып жатыр екен» деп жеткізді. Бір күні қарасам, сол атаққа ие болыппын. Ешбір атақты өзім ізденіп, артынан адам салған жоқпын. Яғни, дәл сол мемлекеттік атақтарды артынан жүгіріп алмасам, облыс пен аудан беретін атаққа жүгіріп нем бар? Ұсынып жатыр екен, демек, сол облысқа сіңірген еңбегім бар шығар.

Айталық, қазақ пен дүнгеннің қақтығысында қаншама адаммен кездесу өткізіп, қаншама жастарға түсіндіру жұмысын жүргіздім. Басқаның құқын таптамау, сол сияқты басқаға әділдік етеміз деп қазақты жерге тықпау жөнінде бірталай жұмыс істедім. Қазақ пен түріктің баласы арасында қақтығыс болғанда да арнайы барып, ұлтаралық мәселе бойынша ондаған кездесу өткіздім. Одан бөлек Жамбыл облысының атынан 10 жыл бойы айтысқан ақынмын. Талай мәрте бас бәйге алдым. Қатысқан айтыста үшінші орыннан төмен қалған кезім жоқ. Бұл да ескерілген еңбек шығар.

Сосын перзент ретінде өз ауылыма қаржы ұйымдастырып, арық қаздырттым. Мешіт салғыздым. Ауылымның қаншама жастарының стипендиясын ауқатты достарыма төлеттірдім. Алла риядан сақтасын, ғибрат үшін айтайын, Тараздағы «Аналар үйіндегі» күйеуі тастап кетіп, жесір қалған әйелдердің жылдап пәтерақысын төлеп, қаржы беріп отырдым. Олар әлеуметтік желіде алғысын айтып, жазып жатады.

Марқұм журналист Бейсен Құранбек жүргізген «Айтуға оңай» бағдарламасының продюсері Әлия қарындасым хабарласып: «Аға, сіз Тараздансыз ғой…» деді. «Не істеу керек?» деп едім, «Бізге көмек сұрап келген аналар Тараздан екен, соларға жәрдемдесесіз бе?» деді. Уәде бердім.

Сөйтіп, бес жыл бойы бірнеше әйелдің бала-шағасымен бірге жалдаған пәтері, азық-түлігі, ем-домына жұмсалатын қаржы менің мойнымда болды. Және бұл көмекті әлі жалғастырып келемін. Одан бөлек Жамбыл облысында екі қолы жоқ болса да, бірақ кәсіп бастағысы келген Анар атты әпкеге өзімнің 100 мың АҚШ доллары тұратын үйімді сыйға тарттым. Қазір үйдің алдындағы сарайдан цех ашып, 20 адамға жұмыс беріп отыр. Іс тігетін машиналарына дейін алып берілді. Әрине, ол өзіме де қатты қажет қаражат еді. Өзім Алматыға көшіп жатқам. Ол үй базар бағасы 100 мың долларға өтіп кететін. Біраз кем-кетігін түгендесем, одан да жақсы бағаға сатуыма да болар еді.

– Бұл жомарттық па, әлде есеп үшін бе?

– Жомартпын ба, оны білмеймін. Сол жолда талпынушымын. Жалпы, кең пейіл болу бұл – мұсылманның өмір сүру салты. Жомарттық та – Құдайдан қорыққан адамның образы. Қол ашық болу деген бір адамға жан ашығанда немесе сондай бір ситуацияға байланысты шықпайды. Жомарттық – ол жақсы қазақтың бәрінің бойында болған. Ол жетім мен жесір кездессе, соған көмектеседі. Ол қаймана қазаққа болсын деп тұрады. Шетелден елге жете алмай қалған талай қазақты елге көшірдік қой. Бар ма, бөлісесің. Жоқ па, үндемейсің. Мұны білетін де, білмейтіндер де бар. Мені сол білетін адамдар ұсынған шығар деп ойлаймын.

«Ақшаны үш түрлі жолмен табамын»

– Қаншама адамға қолұшын созып жатырмын дедіңіз. Бәріне бірдей қаржылай демеу көрсететіндей байсыз ба? Ақшаны қайдан аласыз?

– Қаржы адамның қалтасынан көп болған соң шықпайды. Қаржы ситуацияны түсінгендіктен шығады. Менде елге жәрдем беретін әлеуеттің келетін үш түрлі жолы бар. Біріншіден, еңбек етемін, кәсіп жасаймын, жобалармен айналысамын. Бірнеше қоғамдық қорлармен бірге қайырымдылық харекет жасаймыз. Бір жерде мың теңге, тағы бір жерде мың доллар жиналады. Тиыннан теңге құрастырамыз. Сөйтіп, соны мұқтаж деген кісілерге береміз. Екінші, Қазақстанның түкпір-түкпірінде, дүниежүзінде достарым өте көп. Олар Еуропада, Жапонияда, АҚШ-та да жетеді. Көбінде көмектесіңдерші деп сол достарыма ұсыныс жасаймын. Пандемия кезінде көп дәрі-дәрмек елге солай келді.

Үшіншіден, адамдарға заңдарының қорғалуы жолында көмектесемін. Қазақ көп жерде өз қақысын талап ете алмайды. Есесін өзі жіберіп алып жатады. Соларға мамандар заңдық тұрғыда жолын көрсетеді. Яғни, қолымда болса өзім берем, ал шамам жетпесе достарымды жұмылдырамын. Тіпті болмаса, үкіметтен шешілетін жолдарын көрсетіп, ұсынамын.

Он бес жасымнан аты шыққан ақын болдым. Мемлекеттік шенеуніктер мен лауазымды қызметтегі кей азаматтармен таныспын. Олардың алды зейнетке шықты, қатар араласқан жігіттер министрлік пен комитеттерді басқарып отыр. Соларға да есік ашып, өтініш айтып, мұқтаж жандарды жіберемін. Көп жағдайда неге мемлекеттің минусын теріп, сынап отырғым келмейді? Өйткені, мемлекеттегі елжанды азаматтарға сүйеніп, талай шаршағанның шаруасын шешіп бердік. Комитеттерде, басқармаларда, бөлімдерде жарнамасы жоқ қаншама мемлекетшіл, ұлтшыл жігіттер бар. Яғни, абырой-беделімді барынша салып халықтың әлеуметтік мәселесін шешуге жұмсап жүрген жайым бар. Оны білетіндер біледі.

– Бір пікіріңізде «Әлеуметтік желіде де бекер отырмаймын» деген едіңіз. Демек, әлеуметтік желі де сіз үшін табыстың көзіне айналды ма?

–  Әрине, әлеуметтік желі деген тек курстар сату емес. Белсенді болуым – маған абырой, ықпал әкеледі. Ал ықпалды болсаң, ризығың да келеді.

Қалай? Жарнама жасамаймын және ешқандай дәрісімді ақшаға сатпаймын. Батыста лоббизм қатты дамығанын білесіз. Мәселен, біреудің мүддесін қорғау арқылы екіншісімен байланыстырады. Қазір инфлюенсер деген шықты. Бұл халық пен тұлғалардың арасын байланыстыратын ықпалды адам. Сол адамнан қаржы ешқайда кетпейді.

Мен – инфлюенсер адаммын. Қоғамда өте танымал болғасын және билікте де, бизнес элитада да, халық ішінде де таныстарым болғасын, соларды байланыстырамын, заңды тұрғыда жобалар жасауына түрткі боламын.
Бір шетінде өзің де жүресің. Ол үшін әлеуметтік желіде кім екенің әрдайым паш етіліп тұруы керек. Ашық болуың керек. Яғни, әлеуметтік желі – кім екенімді білдіру үшін ғана керек. Дәл қазір мені 14 облыс және ірі қалалардан жүздеген адам шақырып жатыр. «Біздің оқу орнына, қоғамдық қорға келіп, жастармен кездесу өткізіңізші. Ұшаққа билет, қонақ үй, тамағыңыз, ат шапаныңыз дайын» деп ұсыныс айтады. Байлық емес шығар. Бірақ, бұл да табыс емес пе?

«Кигізген шапан мен мінгізген аттан бас тартпаймын»

– Дұрыс делік, бірақ сіз жаңа бір тиын да алмаймын дедіңіз ғой.

– Алмаймын. Ешкімнен сұрамаймын. Бірақ қазақтың кигізген шапаны мен мінгізген атын алмасаң, ренжиді ғой. Қазір рухани тұлғаға сұраныс жоғары деңгейде. Айталық, Шымкенттен хабарласып «Жастар сіздің ғибратты әңгімеңізді естігісі келеді. Келіңізші» деп шақырады. Жол шығыны мен жатын орынды көтереді. Барып, кездесу өткізіп қайтамын. Мысалы, бір қарасам, банк картама 1 млн теңге түсіп тұрады. Кімнен екенін білмеймін. Бірақ ауыл адамдары «Кімнен екенін білмей-ақ қойыңыз. Сол жердегі бір азамат ат мінгізді» деп жазып жібереді. Сондықтан адам ақшаны қумай халықтың батасын алуды, елге қызмет етуді қуса, ақшаның өзі-ақ келеді. Бұған көзім жеткен. Ал ақшаны қусаң, сені абырой қумайды.

– Білуімше, сізді көбінесе жоғары оқу орындары мен мектептерге жиі шақырады. Сонда білім мекемелері өздері тәрбие мәселесімен айналысуға шамасы жетпей ме? Сіздің дәрісіңізге зәру ме?

– Әрине. Бәрі қолынан келген тәрбиесін беріп жатыр. Егер бір жерде нақты бірдеңе бүлдірген болсам, соңғы жиырма жылда өткізіп жүрген кездесулерімнің алды баяғыда жабылар еді. Бірде-бір жерде келеңсіз әңгіме болған жоқ. «Мұхамеджан келгеннен кейін адамдар радикал болып кетіпті немесе психологиялық дағдарысқа душар болыпты» деген әңгіме шыққан емес.  

– Дегенмен, дәрістеріңізге діни уағызды сыналап кіргізіп жібермейсіз бе?

– Ондай жоқ. Халық көшеде жүрген адамды шақырмайды. Сенген адамды ғана шақырады. Жалпы, қазір халық ақшасын төлеп, батыстың небір коучтарын тыңдап, Ресей психологтарының есігін тоздырып жүр. Ал енді қазақтың жігіттері өз іні-қарындастарына қамқор аға боп шықса не болыпты? Оның үстіне ол кезінде Қонаевтың батасын алған болса, ол сахнада тәлімі мен ақындығын дәлелдеген болса, рухани деңгейі тәжірибе арқылы толысқан болса, оның жасы қырықтан асқан болса, ол басқа елдің азаматы болмаса, ол осы елдегі көзіқарақты ел мойындаған өз саласының маманы болса, оны халық шақырып жатса, кім не үшін кедергі болуы керек?

Барлық ортада, мектепте тәрбие ісі жүріп жатыр. Бірақ тренд деген нәрсе бар. Қоғамда трендтегі адам сұранысқа ие болады. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» деген сөз бар. Жұрт әлеуметтік желіде кімнің сөзі көп тарап жатқанын қарайды. Яғни, кім трендте, соны шақырады. Бұл білім ұяларының өздері айналыспағандықтан емес, аудиториясына басқа адам арқылы назар аудартқысы келеді.

Мәселен, бір кезде ардагер спортшы Майк Тайсонды елордаға шақырып, отбасылық құндылық жөнінде насихат айтқызды. Немесе Шамиль Аляутдинов келіп отбасылық психологиялық құндылықтар жайында мыңдаған долларға дәріс өткізіп жүр. Сонда бір адам «Шәмілді қуыңдар! Мәскеуден келген татардың баласы бізге не үйретеді?» деген жоқ қой. Олар сол бос кеңістікті толтыратын тұлғалар болмаған соң келіп жатыр.

Мына жақтан Мұхамеджан Тазабек, ана жерден Қайрат Жолдыбайұлы немесе Айнұр Тұрсынбаева шықса, адамдар кемшілік іздей бастайды. Мың жақсылығы болса да, көргісі келмейді. Бұл былайша айтқанда, ұлтты артқа кетіретін нәрсе.
«Мұхамеджан, заң бойынша мына жерде дін туралы айтыпсың немесе қате жеткізіпсің» деп біреу кемшілігімді дәлелдеп берсінші. Ыңғай контекстен жұлып алып, өз ыңғайына туралап айтылған жалалар ғана. Сосын «Сен полиция алдына барып, кемпір-шалды ұрып, құйымшағын сындыр депсің…» деп шығарып алады. Мен көпшілік алдында сондай сөз айтатын соншалықты ақымақ емеспін ғой.

Бізде қызық. Мысалы, біреулер «елім, тілім» деп жүрген азаматтың тойда мас болып отырғанын суретке түсіріп алады. Бірақ бұл оның негізгі өмір салты емес, жай бір сәті ғана. Бәлкім, мектеп бітіргеніне 50 жыл болған кластарымен немесе 40 жыл болған курстастарымен кездесіп қалып, ішімдіктен сілтеп қойған шығар. Әрине, жақсы көрініс емес. Бірақ ол оның негізгі сипаты емес қой. Ол Парламентте талай мәселе көтеріп, шешімін табуына түрткі болды делік. Алайда, бәзбіреулер өздері құсып жатса да, әлгі азаматтың бір сүрінген тұсын тауып алып, таратып жібереді. Сонымен баға бергісі келеді.

– «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, бұл жаңа ғана сіз мақтаған һәм пайда табатын әлеуметтік желінің зиян жағы емес пе?

– Әрине. Қазір адамға қара күйе жаға салу оп-оңай. Алайда, өз басым мұндайға көңіл аудармаймын. Егер маған осындай жайттар әсер етсе, сағым сынып, бұл тірлікті еш уақытта істемеген болар едім. Мен сөзге ерген қазаққа ренжіген жоқпын. Керісінше, 24 сағат бойы әжуалап отыратындарға алғыс айтамын. Өйткені, олар мен бармаған аудиторияларға атымды шығарып, танымайтын ортаның назарын аудартады «Сізді танымайтын едік. Пәленше өз парақшасында сізді айта берген соң, тыңдап едім, мол қазынаға жолықтым. Бұрын сіз жайында жаман ойлаған екенмін. Қазір басқа қырыңыздан танып жатырмын. Шіркін-ай, бір кездессек қой…» деп жекеме хат жазатындар өте көп. Қоғамда атаққұмар біреулер ақша төлеп, өздеріне хайп жасай алмай жүр. Ал мен күн сайын тегіннен тегін хайптың иесі болып жүрмін. Қара пиардың да хайыры бар. Сондықтан ешкімге ешқандай ренішім жоқ.

– «Жамбыл облысы әкімдігіне барғанда мемлекеттік қызметкерлер мені көріп, «Қайдан жүрсіз? Сіздің уағыздарыңызды тыңдап жүрміз. Шайға шақырсақ бола ма?» деді» депсіз. Олар сонда сіздің дәрістеріңізді уағыз деп түсіне ме?

– Уағыз деген – насихат. Олар діни уағызды айтып жатқан жоқ. Тәлім-тәрбие ғой. Діни жерде болса діни уағыз, ал басқа ортада болса, ол – насихат, сабақ.

– Кез келген аудиторияны өзіңізге қаратып, ұйыту – негізгі артықшылығыңыз ба?

– Ақындық пен айтыскерліктен болуы мүмкін. Бірақ негізгі себеп бұл да емес. Ең бірінші, айтқаныма сай жұмыс істеуге тырысамын. Сөзімнің ісіммен сәйкес болуын қадағалаймын. Сол кезде ғана айтқаным адамның жүрегіне жетеді. Ал сөз пен іс қабыспаса, қанша шешен болсаң да, жүрекке жетпейді. Жарты, бір жылдан кейін сырың ашылады…

(Жалғасы бар)

Сұқбат Nege.kz порталынан алынып жарияланды

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

ПРОБАЦИЯЛЫҚ ЕСЕПТЕГІ 400 АЗАМАТҚА АРНАЛҒАН ФОРУМ: «ӨТКЕННЕН САБАҚ, БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ»

Түркістанда полиция мен прокуратураның ұйымдастыруымен «Өткеннен сабақ, болашаққа қадам» атты форумы өтті. Тәртіп сақшыларының қызметтік жүйесі бойынша пробациялық есепте тұрған...