Тоқаев басқарған осы үш жыл аралығында талай іс атқарылып, талай шаруаның басы қайырылды. Ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан біраз дүниенің орайы келіп, халықтың ойынан шыға білген талай бастамаға мұрындық болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіз қазақ елінің тізгінін ұстағанына екі-үш айдан соң тура үш жыл болады. Тоқаев басқарған осы үш жыл аралығында талай іс атқарылып, талай шаруаның басы қайырылды. Ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан біраз дүниенің орайы келіп, халықтың ойынан шыға білген талай бастамаға мұрындық болды. Skifnews.kz ақпараттық порталы Президенттің тарих қойнауына кетіп бара жатқан сиыр жылында атқарған жұмыстарына жасап көрген еді.
2021 басталысымен Президент «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын жария етті. Мұнда ол егемендігіміз бен елдігіміздің тірегі болатын басты бағыттарға тоқталып, іргеміздің берік болуы үшін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жүзеге асырылатын шараларды жүйелеп, міндеттерді айқындап берді.
Кейін іле-шала рақымшылық туралы заң жобасына қол қойды. Бүгінде осы заңның аясында 2 236 сотталушы, пробациялық бақылауда тұрған 11 310 адам рахымшылыққа ие болғалы отыр. Барлығы мыңнан астам адам бостандық алмақ. Сол секілді 3818 адам пробациялық бақылаудан босатылады. 1294 сотталушының, пробацияда тұрған 7492 адамның жаза мерзімі қысқартылмақ. Өз кезегінде бұл бастама да сарапшылар тарапынан жоғары бағасын алып үлгерді.
Сарапшылардың айтуынша, Мемлекет басшысы биылғы жылы тек саяси-демократиялық өзгерістер ғана емес, келешек ұрпақ, патриотизм, ұлттық мүдде секілді рухани дүниелерге айрықша басымдық беріп отыр. Соның бір дәлелі – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту мәселесі. Тоқаев бұл мереке тек той тойлаумен шектеліп қалмауы тиіс екенін атап өтті.
«Қазір заман басқа. Адамдардың санасы да айтарлықтай өзгерген. Оған қоса, бүгінде барша әлем жұртшылығы күрделі кезеңді бастан өткеруде. Қаржыны оңды-солды жұмсап, ұлан-асыр той жасайтын уақыт емес. Тиімсіз форумдар мен конференциялар өткізу де қажет емес. Тағылымдық мәні бар шараларға баса назар аударған жөн. Біз үшін халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту – басты міндет», – деді ол.
Сонымен қатар, ол 30 жылдықта атқарылатын шаралар негізінен жастарға арналуы керектігіне де тоқталды.
«Жастар саясатына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзірлеген жөн. Әр бағыт бойынша бытыраңқы жүзеге асырылып жатқан жобаларды бір арнаға тоғыстыру керек. Сонда жұмыс жүйелі болады. Оны дайындауға, одан соң талқылауға бүкіл жастар және студенттер ұйымдарын, азаматтық белсенділер мен тәуелсіз сарапшыларды тарту керек», – деді Президент.
Яғни 30 жылды мерейтойға байланысты шаралардың барлығы да халыққа рухани серпіліс әкелуі қажет екенін назарға алды.
«Ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың еңбегін насихаттау аса маңызды. Биылғы мерейлі жылға бірнеше атаулы дата тұспа-тұс келіп отыр. Жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығы, тағы басқа бірнеше тарихи тұлғаның мерейтойы. Біз былтыр Абай мен Әл-Фарабидың мерейтойларын өте мағыналы өткіздік. Олардың тұлғалық келбеті мен өмір жолы, еңбектері халыққа үлкен ой салды. Бұл тәжірибені алдағы уақытта да ұстанған жөн», – деді Президент.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлының айтуынша, бұл жұмыстардың барлығы Тоқаевтың ұлтының болашағын алдыңғы орынға қоя білген басшы екенін көрсетеді.
«Осы уақытқа дейін Президент халыққа үш Жолдау арнапты. Бірі – 2019 жылғы «Сындарды қоғамдағы диалог: тұрақтылық пен өркендеу негізі», екіншісі – 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі», үшіншісі – «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі». Мемлекет басшысының саяси беделіне, қоғамдық қызметіне, түрлі сын-қатерлерге байланысты ұстанымы, қабілет-қарымы ел көңілінен шықты. Жалпы айтар болсам, осы Жолдауларды қарап отырсақ, ең алдымен, тұлғаның мүмкіндігінше халыққа жақын болу ұстанымы, екіншіден, мәселені игеруге, байыптауға деген мемлекетшіл парасаты, үшіншіден, әрбір мәселені жеке қойып, көтеріңкі пафоспен емес, адами, шешімін табуға ұмтылған іскер адамның, істің мәнісін ойлаған қайраткердің көзқарасын байқауға болады. Ал, күні кеше ғана Тәуелсіздіктің тарихи межесіне қатысты өткен жиында аса биік елдік шараның маңызына мән берген Мемлекет басшысы «мақсат – той тойлау емес, ой толғау үшін» деген ұстанамын тағы да бір айқындады. Бұл ой – елдік мүдде біріктіретін бүгінгі буынға, бәріміз жақсылығынан үмітті ертеңгі ұрпаққа арналды», – дейді ол.
Тағы бір айта кетерлігі биылғы жылды Тоқаевтың бұған дейінгі көтерген бастамалары мен қанатқақты жобаларының құжат бойынша бекітіліп, тиянақталған жыл болды деуге болады. Мәселен, дәл осы жылы ұзақ уақытқа созылған жер дауына нақты нүкте қойылды. Саяси партиялар үшін Мәжіліске өту шегін 7 пайыздан 5 пайызға төмендету, саяси партияларды тіркеу шегін 50 пайызға азайту сияқты өзгерістер саяси партиялар туралы, сайлау туралы заңға өзгерістер енгізу секілді жобалар нақты заңмен бекітілді. Осындай саяси бастамалар негізінде елімізде алғаш рет ауыл әкімдері сайланды.
Бүгінгі таңда 800 астам ауыл әкімі тікелей сайланды. Бұның барлығы жергілікті өзін өзі басқаруды реформалау концепциясы негізінде жасалып жатыр. 2025 жылға дейін қала, облыс әкімдері де осылай тікелей сайлау арқылы сайланатын болады. Мұның барлығы ауыл, аудан әкімдерінің жергілікті халық алдындағы жауапкершілігін арттыратын, орталықтан ажыратуға бағытталған, өзін-өзі толыққанды басқаруға мүмкіндік беретін қадамдар.
Президенттің көмекшісі Ерлан Қариннің айтуынша, аталмыш саяси науқанның стратегиялық маңыздылығы өте зор болып отыр.
«Біріншіден, бұл сайлау жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінде елеулі институционалдық өзгерістерді бастап берді. Олар келешекте мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынасын байыппен айқындайтын сапалы жаңа ортаның негізін қалайды. Екіншіден, бейбіт жиындар туралы жаңа заңды қабылдаумен, сайлау және саяси партиялар туралы заңнаманы жетілдірумен қатар, әкімдердің тікелей сайланбалылығын енгізу қазақстандықтардың саяси мәдениеті мен саяси белсенділігін арттыруға ықпал етеді», – деді Қарин.
Айтпақшы, осыдан бірер күн бұрын «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те Президенттің бастамасы партиялардың жергілікті жерлердегі жұмысына жүйелі серпін бергенін айтып өтті.
«2021 жылғы 25 шілдеде Мемлекет басшысының бастамасы бойынша өткен ауыл әкімдерін тікелей сайлау партиялардың жергілікті жерлерде халықпен қоян-қолтық жұмыс істеуіне жүйелі серпін берді. Кең тұрғыдан алғанда, бұл сайлау азаматтардың шешімдер қабылдау процесіне қатысуын жандандыруға, сондай-ақ есеп беретін мемлекетті қалыптастыруға бағытталған, Елбасы ұсынған 5 институционалды реформаның нақты іске асырылуын растады», – дейді Б.Байбек.
Мемлекет басшысы COVID-19 пандемиясына қарсы күреске арналған «Пандемияны тоқтатып, қайта жаңғыруды жақсарту» атты жаһандық саммитке қатысты. Жиында Президенттің арнайы бейнеүндеуі көрсетілді. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы онжылдықта денсаулық сақтау саласы бұрын-соңды болмаған ғаламдық дағдарысқа ұшырағанын атап өтті. Тоқаевтың әлемді «Омикрон» штамының әемге жаңа қауіп төндіріп отырғанын, әрі онымен күресте алғашқы медициналық көмек пен денсаулық сақтау саласындағы қызметтермен халықты жаппай қамту бағыттарын біріктіру туралы ұсынысы ресми Женева тарапынан қолдау тапты. Сонымен қатар президент Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы – сенімді серіктес екенін әрі коронавирусқа қарсы вакцинасы бар ел ретінде пандемиямен бірлесіп күресуге даяр екенін атап өтті. Ал Швейцария тарапы қазақ ғалымдары шығарған Qazvac вакцинасын тіркеуден өткізіп, әрі қарай Еуропа, Оңтүстік Америка және Африка елдеріне тасымалдауға даяр екендіктерін білдірді. Осылайша қазақ ғалымдары шығарған Qazvac вакцинасына еуропа елдеріне жол ашылды.
Тоқаевтың сарапшылар тарапынан аса жоғары бағасын алған бастамаларының бірі деп сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген бағана енгізу туралы ұсыныс екені даусыз.
«Парламенттің алдында маңызды екі міндет тұр. Бұл – сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу. Жалпы, еліміздің заңнама жүйесін кешенді түрде жетілдіру керек. Шын мәнінде, баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс. Сондықтан, барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн», – деп атап өткен болатын VII шақырылымындағы Парламент сессиясын ашып тұрып.
Бұл әрине демократияның жемісі, саяси аренада жаңа партиялардың пайда болуына, қоғамда либерализм мен демократияның пайда болуына жол ашатын қадам екені даусыз.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы биыл ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан қос азаматтық мәселесіне де нүкте қойды. 25 ақпанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Қазақстанда қос азаматтық үшін жауапкершілік күшейту қажет екенін атап өтті. «Соңғы уақытта бізде қос азаматтық фактілері жиілеп кетті, тіпті олардың арасында мемлекеттік қызметкерлер де бар. Бұған белгілі себептерге байланысты жол берілмейді. Аталған проблема өте күрделі, өйткені бұл ұлттық қауіпсіздікке қатысты. Мұндай фактілердің жолын кесу қажет», – деді Тоқаев кеңес отырысында.
Сонымен қатар, биылғы жыл әлеуметтік мәселелердің шешімін тапқан жыл болғанын айта кету керек. Президенттің тапсырмасына сәйкес осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жоғары оқу орындары студенттерінің, магистранттары мен докторанттарының шәкіртақысы өсті. Бакалавр бағдарламасы бойынша оқитындардың шәкіртақысы 20%-ға, ал магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15%-ға ұлғайтылды. Сонымен қатар болашақ ұстаздар мен дәрігерлердің, докторанттардың стипендиясы көбейді. ЖОО-да сабақ беретін оқытушылардың жалақысы да бір шама өсті.
Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында «Олар үшін ерекше еңбек жағдайын жасау қажет екенін атап өтті. «Жалғызбасты ата-аналардың қашықтан жұмыс істеу және жұмыс істеудің қысқартылған режимі құқығын заңнамалық деңгейде қарастырған жөн. Дамыған елдерде ірі компаниялар өз кеңселелерде балалар бөлмелерін ашып жатады. Мұндай тәжірибе бізде де нормаға айналуы тиіс»,- деді.
Дәл осы кеңесте тағы бір маңызды ұсыныс айтылды. Президент «Ұлттық көші-қон күнін» белгілеп, атаулы даталар күнтізбесіне енгізу керектігін жеткізді.
«Қандастарымыздың өз Отанына оралу туралы Елбасы бірқатар маңызды тарихи маңызды шешім қабылдаған еді. Ұлы көш 1991 жылы басталды. Оған Елбасының тапсырамасымен қабылданған Қазақ КСР министрлер кабинеті қабылдаған 711 қаулы ресми түрде жол ашты. Бұл құжат 1991 жылдың 18 қарашасында қабылданды. Көп ұзамай Елбасы алыста жүрген ағайынға «Ақ тілек» атты жолдауын жариялап, шеттегі қандастарды елге шақырды. Соның нәтижесінде 1500 млн-нан астам қандас Отанға оралды. Оның ішінде Ауыт Мұқибек пен басқа қоғам қайраткерлері Ұлы көштің тарихи рөлін ескеріп, арнайы күн керегін айтып жүр. Үкіметке бұл тарихи датаны атаулы күндер тізіміне қосуды қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өзінің қыркүйектің басында кезекті Жолдауында ең төменгі жалақы деңгейін қайта қарау қажетігін айтты.
«Елімізде төменгі жалақы көлемі 2018 жылдан бері көтерілген жоқ. Әлемдік коронадағдарыс қазақстандықтардың табысына өз әсерін тигізді. Оның үстіне ең төменгі жалақы көлемі бойынша Қазақстан ТМД-ның бірқатар елдерінен артта келеді. Осы орайда 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге өсіру туралы шешім қабылдадым», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Тағы бір айта кетерлі, Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылы халықаралық маңызы зор бірнеше жиынға қатысып, өзінің салмақты басшы, қалыптасқан лидер екенін көрсетті деуге болады. Мәселен, ол биыл БҰҰ Бас Ассамблеясы 76-сессиясының Жалпы дебаттары мен БҰҰ-ның Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммит және Ядролық қаруды толық жою жолындағы Халықаралық күрес күніне арналған жоғары деңгейдегі пленарлық отырыс мінберлерінен көрінді.
Сол секілді Мемлекет басшысының Швейцарияға сапары қоғамда қызу талқыланып, сарапшылар тарапныан жоғары баға алғанын айта кету керек. Тоқаев бұл сапарында Халықаралық Қызыл Крест ұйымының президенті, Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Нгози Оконджо-Ивеала және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесуспен кездесті.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Швейцарияға сапары Қазақстанның дүниежүзінде өзінің орны бар екенін, пандемияға қарамастан Қазақстан әлі күнге дейін дүниежүзінің компанияларына, ірі фирмаларына, қоғамдық ұйымдарына өте қызықты екенін, Қазақстанның гуманитарлық-әлеуметтік саладағы рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді. Және осы рөлі белгілі дипломат, дүниежүзілік саясатта өзінің орны бар ҚР Президентінің күш-жігеріне, оның адамгершілік рухани қасиеттеріне де байланысты екенін көрсетіп отыр», – Саясаттанушы әрі Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров.
Сол секілді биыл Мемлекет басшысының Үкіметке зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға қатысты шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзарту туралы тапсырмасы да қоғам арасында үлкен қолдау тапқанын айта кету керек. Сарапшылардың айтуынша, бұл Тоқаевтың әрдайым халық пікірімен санаса білетінін көрсетіп отыр.
«Мемлекет басшысы қысқа мерзім ішінде қазақстандықтардың сенім кредитін түпкілікті бекіте алды. Бұл процесте елді демократияландыруға, саяси эволюцияға және азаматтық қоғамның дамуына бағытталған жаңа заңдардың қабылдануы үлкен рөл атқарды деп ойлаймын.
Жалпы, көптеген қоғамдық маңызы бар оқиғаларға Мемлекет басшысының өзі үн қосып келеді. Ол барлық ауыр трагедияларға, жанжалды заң жобаларына немесе қызу пікірталастарға да ойын айтып жүр. Менің ойымша, әлеуметтік желілер арқылы халықпен тікелей байланыс орната білу тек Тоқаев президент болған кезде ғана пайда болды», – дейді саясаттанушы Ғазиз Әбішев.