Президент баспасөз хатшысы Берік Уәлидің мәліметінше, бүгін сағат 11.15-те Мемлекет басшысы бейнебайланыс арқылы Парламент Мәжілісінің отырысына қатысып, еліміздің жаңа премьер-министрінің кандидатурасын ұсынады. Жиынды «Хабар 24» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Бұған дейін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясында 11 қаңтарда Парламентке Үкіметтің жаңа құрамы жөнінде ұсыныс енгізетінін және әлеуметтік-экономикалық саладағы проблемаларды шешу жөнінде нақты міндеттер қоятынын атап өткен.
Сондай-ақ, кадрлық өзгерістер туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтқан болатын.
«Президент Үкіметті отставкаға жіберді. Қазір барлық министр міндетін атқарушы… Президент кім қалып, кім қызметінен кететінін өзі шешеді. Үкімет қайтадан құрылады. Әрине, кадрлық өзгерістер болатыны сөзсіз», – деді ол «Хабар 24» телеарнасының эфирінде.
5 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметті отставкаға жіберу туралы Жарлыққа қол қойды. Премьер-министрдің міндетін атқару уақытша Әлихан Смайыловқа жүктелді.