Ішкі істер министрлігі заңсыз сақталған қаруды тапсыруға шақырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Елдегі тәртіпсіздіктер кезінде қылмыскерлер қару қоймаларынан, құқық қорғау және арнайы органдардың ғимараттарынан атыс қаруы мен оқ-дәрілерді ұрлаған. Полиция қару-жарақты қайта тапсыруға шақырды.
«Ұрланған қару мен оқ-дәрілер заңсыз мақсатта пайдаланылуы, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз. Заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар, әрекеттерінде басқа қылмыстар болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Осыған орай, азаматтарды заңсыз сақталған қару-жарақ, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар мен арнайы техникаларды өз еркімен тапсыруға шақырамыз. Жазатайым оқиғалар мен жарақаттардың алдын алу мақсатында табылған жарылғыш материалдар мен оқ-дәрілерге ешқандай шара қолданбауларыңызды, тасымалдауға әрекет жасамауларыңызды сұраймыз», – делінген хабарламада.
Ішкі істер министрлігі жүргізіліп жатқан жұмыстарда тұрғындардың түсіністігі мен қолдауына сенеді.