Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Бейжіңде өтетін XXIV Қысқы Олимпиада мен Паралимпиадада жүлде алған спортшыларға қанша сыйақы берілетінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Жүлделі орын алған олимпиадашылар мен паралимпиадашылар (1-6 орын) ақшалай сыйақы алады. Заңда қарастырылғандай, жеңіп алған медальдарға қарай пәтер де бөлінеді. Бірінші орын үшін – 250 мың доллар, одан кейін – 150 мың және 75 мың доллар сыйақы бекітілген. Медаль жеңіп алған жағдайда, бұл қаражат ҚР Мемлекеттік резервінен төленеді», – деді Серік Жарасбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Брифинг барысында вице-министр паралимпиада ойындарында дайындық туралы айтып берді.
«Паралимпиадашыларға олимпиадашылар сияқты бірдей көңіл бөлу керек. Олимпиадашыларды шығарып салу кезінде Президенттің қабылдауында екі паралимпиадашы болды. Паралимпиада ойындарында спортшыларымыз бірнеше есе аз – оған 4 адам ғана қатысады,оның екеуі шаңғы спортында және екеуі биатлонда. Дайындық қызу жүріп жатыр. 5-25 ақпанда спортшылар оқу-жаттығу жиынына – «Алатау» шаңғы-биатлон кешеніне барады. Паралимпиада комитетімен барлық мәселелер пысықталды. Олардың саны әлдеқайда аз болғандықтан, бар мәселе жылдам шешіледі. Біз оларға сәттілік тілейміз», – деді Жарасбаев.
Айта кетсек, XXIV қысқы Олимпиада ойындары ақпанның 4-і мен 20-ы аралығында Яньцин, Чжанцзякоу және аспан асты елінің астанасы – Бейжің қаласында өтеді. Оған әлемнің 95 елінен 4000-нан астам спортшы қатысады.
Биылғы Бейжің Олимипидасына 34 қазақстандық спортшы аттанады. Оларда спорттың 8 санаты (биатлон, шаңғымен жарыс, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, фристайл(могул, акробатика), таушаңғысы спорты, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты) бойынша 87 лицензия бар.