Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғалары кезінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерін Қазақстанға шақырғанына өкінбейтінін мәлімдеді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Өкінбеймін. Бұл ешқандай да өкіндіретін шешім емес. Керісінше дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Өйткені, қарулы қарақшылар Алматыны қиратып, өзге қалаларға қауіп төндірді. Осы қарулы контингент болмаса, лаңкестер басқа да қалаларды басып алар еді. Қарулы шайқастар Талдықорғанда, Таразда, Шымкентте, Қызылордада орын алды. Елордада лаңкестердің дайындық жұмыстары байқалды, олар, тіпті, Ақордаға шабуыл жасауға дайын болды», – деді Президент Qazaqstan ұлттық телеарнасына берген сұхбатында.
Тоқаев кейбір беделді сарапшылар айтуынша, лаңкестер Қазақстанның басты екі қаласын басып алуды жоспарлағанын айтты. «Бұл Сириядағы сценарийге ұқсас жоспар» деді. Сол елде лаңкестер Дамаск пен Ракканы басып алуға әрекеттенгенін де айтты.
«Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының әскерлері біздің елде бір де бір оқ атқан жоқ. Оны ашық айту керек. Олар тек негізгі стратегиялық нысандарды күзетіп тұрды. Осы кезде біздің күштік құрылымдар іске кірісіп, қарулы лаңкестерге тосқауыл қойды. Арамызда тек тығыз байланыс пен үйлесім болды.
Ал енді «Путинге қарыз боп қалдық» дегенге келсек, бұл – бос әңгіме. Оны доғару керек. Біріншіден, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының контингенті В.Путиннің немесе Ресейдің жеке әскері емес. Бұл ұйымның әскери құрамы оған мүше елдердің бәріне ортақ. Онда Ресейден бөлек, Беларусь, Армения, Тәжікстан және Қырғызстанның әскери бөлімдері бар. Қазақстан да – осы ұйымның толыққанды мүшесі әрі негізін қалаушысы. Сондықтан, бәрі – заңды, қисынды.
Ресейге келсек, бұл алпауыт ел өзінің геосаяси мүддесін де қорғады. Қазақстанның тұрақтылығы Ресейге өте қажет. Мұны дұрыс түсінуіміз керек. Қазақстан мен Ресей – стратегиялық серіктестер. Арамызда шынайы достық пен өзара сенім болуы керек. Басқа саясат ұстансақ, екі елдің стратегиялық мүддесіне нұқсан келтіреміз. Жалпы, біз ешкімге ештеңе де қарыз емеспіз. Қазақстан – егемен мемлекет. Сондықтан саясатымыз да дербес», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының сөзінше Ресей Қазақстанға жақын орналасқан серіктес мемлекет болғандықтан, осындай жағдайда көмекке келуі айтпаса да түсінікті жағыдай.
«Мұны құтқару емес, ортақ мүддемізді қорғау үшін жасалған іс-әрекет деп түсінуге болады. Бұл – бір. Екіншіден, аталған мәселеге геосаяси ахуал тұрғысынан да қарау керек. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы – бәрімізге ортақ құрылым. Ресей және Ұйымға мүше мемлекеттер Қазақстанның ғана емес, өздерінің де қауіпсіздігін ойлады. Сол үшін көмек қолын созды», – деді Тоқаев.
Президент Қазақстан мен Ресей арасында мәңгі тату көршілік келісім туралы да сөз етті.
«Ресей – ғасырлар бойы қатар өмір сүріп келе жатқан құдайы көршіміздің бірі. Қазақтың тағдырына осылай жазылған. Мұны біз өзгерте алмаймыз. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды нығайта беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Қазақстанның стратегиялық мүддесіне сай келеді.
Иә, расында да, кейбір ресейлік саясаткерлер тарапынан «Қазақстанның солтүстік облыстарындағы жерлер біздікі» деген сөздер айтылды. Бірден кесіп айтайын. Бұл – ақылға сыймайтын, орынсыз пікір. Ресми билік, яғни Кремль, әрине, бұл уәжді қолдамайды.
Екі елдің басшылығы арасында жер мәселесіне қатысты ешқашан дау туындаған емес. Маған В.Путиннің өзі «жерге қатысты ешқашан мәселе көтермейміз» деп айтқан. Сондықтан алаңдайтын ешнәрсе жоқ. Шекарамыз толық айқындалған, бекітілген. Бұл ақиқатты бүкіл әлем мойындайды. Екі елдің арасындағы байланыстарға сызат түспеген. Ресей Президенті осындай қағидаттарға адалдығын, беріктігін көрсетті» , – деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Мемлекет басшысы «Хабар 24» телеарнасының журналисіне эксклюзив сұхбат берген болатын. Президент қаңтар оқиғалары туралы сұрақтарға жауап беріп, ескертусіз ату туралы бұйрық, Интернетті өшіру мен ақпараттық блокаданың себептерін түсіндірген еді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы парламенттік жүйені реформалау, қазақстандық олигархтар туралы ойын айтты. Екі мерзімнен артық президенттік сайлауға түспейтінін де мәлімдеді.