Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ұлыбританияның елімізге санкция енгізуді жоспарлап отырмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Ұлыбританияның Орталық және Оңтүстік Азия, Солтүстік Африка істері жөніндегі Мемлекеттік министрі Лорд Тарик Ахмадпен бейне-кездесу өткізген, сондай-ақ Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Личті қабылдаған.
Тараптар дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылы ішінде қол жеткізілген өзара сенім мен кең ауқымды өзара тиімді ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті. Сондай-ақ, олар Украинадағы жағдайды және соғыс қимылдарын тоқтату, тараптарды бейбіт жолмен шешуге қайтару бойынша халықаралық деңгейде қабылданған қадамдарды талқылады.
«Британдық тарап Ресейдің Украинадағы әскери операциясына байланысты Қазақстанға қатысты қандай да бір санкция салуға ниетті емес екенін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша талқыланған тақырыптардың барлық спектрі бойынша толық өзара түсіністік расталды және екіжақты қатынастарды одан әрі белсенді және жан-жақты дамытуға өзара дайындық білдірілді», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлыбритания парламентінде Қазақстанға санкция енгізу ұсынылған еді. Британия депутаты елімізді «Путиннің жақтастары деп атаған.