Шетелдік мамандар ұлыбританиялық OneWeb байланыс спутниктерін Байқоңырда тастап, ғарыш айлағынан кетті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.
Ресей OneWeb спутниктерін іске қосудан бас тартқан. Оған себеп Ұлыбритания үкіметінің компания директорлары қатарынан шыққысы келмеуі және компанияның спутниктерді әскери мақсатта пайдаланылмайтынына кепілдік беруі болған.
«OneWeb тобы жұмысты аяқтады, спутниктері бар бөлменің температура мен ылғал режимін реттеп, есіктерді мөрледі. Олар ғарыш айлағынан кетті», – делінген агенттік мәліметінде.
Сондай-ақ, шетелдіктер Байқоңырдан ғарыш аппараттарын түгел әкеткісі келген, бірақ рейсті ұйымдастырудағы қиындықтарға байланысты мұны жасай алмаған.
Дереккөз мәліметінше, спутниктердің одан әрі тағдыры Ұлыбритания үкіметіне байланысты болады.
Шетелдік мамандар спутниктерді ұшыру бойынша іске қосу алдындағы жұмыстарға қатысқан. Ол «Главкосмос» компаниясының Arianespace еуропалық ұшыру қызметтерін жеткізушімен және Starsem компаниясымен арадағы келісімшарттарына байланысты жүзеге асқан. Starsem компаниясы Байқоңырдағы батыс стандарттары бойынша сертификатталған аумаққа иелік етеді, оларға тек шетелдік мамандардың рұқсаты бойынша ғана қол жеткізуге болады.
«Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Дмитрий Рогозин «Роскосмос» зымырандарды жеткізуден бас тартқаннан кейін OneWeb күйрейтінін айтты. Алайда кейін OneWeb америкалық SpaceX-пен спутниктерді ұшыру туралы келісім жасады.