Қазақстанға көлік сатып алуға келетін ресейліктер саны артқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.
Қостанайдағы бір ғана автосалоннан 20 көлік көрші елдің азаматтарына сатылыпты. Су жаңа темір тұлпарға қолы жетпегендері мінілген көлік сатып алуда.
Ресейдегі бірнеше зауыт санкцияларға байланысты шетелден әкелінетін қосалқы бөлшексіз қалып, өндірісін тоқтатқан болатын.
Сұраныстың артуына байланысты біздегі көлік құны жыл басынан бері 20 пайызға қымбаттапты. Алдымен ішкі нарықты ойлаған Үкімет автонесиелендіру бағдарламасын қайта қоспақшы. Оған 100 миллиард бөлмек. Сәуір айынан бастап отандық көлікке 4 пайызбен автонесие беріле бастайды.
Ресейде шетелдік концерндердің өкілдіктерін айтпағанда, жергілікті маркаларды құрастыратын зауыттардың жұмысы тоқтап тұр. Санкцияға байланысты қосалқы бөлшек таппаған соң, уақытша жабылуға мәжбүр әрі рубльдің құнсыздануы көлік бағасын шарықтатып жіберген. Енді көрші ел тұрғындары көлік іздеп Қазақстанға ағылуда.
Анар Мақашева, Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті: –
“Көлікке сұраныс көбейіп, бағасы көтеріліп жатыр. Қазақстанның өзін алатын болсақ, темір тұлпар бағасы 2020-дан 2021-ге дейін 26 пайызға шарықтаған. Алайда Ресейде көліктер Қазақстаннан қарағанда екі-үш есе қымбат. Сондықтан олар көлік алу үшін біздің сайттарға, жеке адамдарға жүгінуде. Әрине, барлығы көлікті арзанға алғысы келеді.
Қостанайдағы бір ғана автосалоннан соңғы айда 20 көлік ресейліктерге сатылған. Сұраныстың артуына байланысты темір тұлпардың бағасы да көтерілді. Көлік алуға ресейліктер елімізге ағылып жатса да, шетелдіктерге темір тұлпар несиеге берілмейді.
“Соңғы айда расында да көлікке сұраныс бірнеше есе өсті. Қоңыраулармен де, онлайн бойынша да. Оларды көбінесе 13-15 миллион теңге тұратын, Қазақстанда құрастырылған көліктер қызықтырады. Бір айдың өзінде 20 көлік саттық. Бізде шетелдік көліктер ақпан айына қарағанда 15-18 пайызға қымбаттады. Ал отандық көліктердің бағасы 7-8 пайызға өсті”, – дейді көлік салонының аға менеджері Роман Гриньков.
Көлік бағасының күннен-күнге көтеріліп жатқанын нндустрия және инфрақұрылым даму министрі де жоққа шығармайды. Дегенмен отандық көлік ел азаматтарына қолжетімді болуы үшін сәуір айынан жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы іске қосылады. Үкімет есебінше, 71 мың адам жаңа көлік алып, жылдық 4 пайыздық мөлшерлемемен 10 миллион теңгеге дейін несие берілмек.
“Шешімді осы сәуір айында толық қабылдаймыз ба деп отырмыз. Өйткені қазір ол талқылауда. Сол себептен 10 миллион теңгеге дейін тұратын көлік бағасын 4 пайызбен береміз. Одан асатын көлік болса, оны өз қалтаңыздан төлейсіз”, – дейді индустрия және инфрақұрылым даму министрі Қайырбек Өскенбаев.
Жеңілдетілген автонесиеге биыл шамамен 100 миллиард бөлінеді. Әзірге бағдарламаның нақты талаптары белгісіз. Министр отандық көліктердің бағасының шарықтамауына әрекет жасаймыз деп сендіреді.