Мәжіліс депутаттары мемлекеттік тілді үйрету бағдарламаларының тиімділігіне аудит жүргізу қажет деп санайды. Олар үкіметтен халық алдына шығып, қазақ тілін дамытуға бөлінген қыруар қаржының қайда жұмсалғанын айтуды талап етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Депутат Ерлан Сайыров қазіргі күрделі геосаяси жағдай Қазақстанның ішкі саясатының көптеген аспектісін қайта қарауды талап ететінін айтты. Соның бірі – мемлекеттік тілді үйрену проблематикасы.
«Мемлекеттік тілді үйрету, оған баулу ыждаһатты түрде бола отырып, өзара сыйластық, бауырластыққа әкелуі қажет. Мемлекеттік тіл қоғамның ынтымағының, бірлігінің символына айналуы өте маңызды! Осы тұрғыда, қазақ тілін үйрету бағдарламаларының тиімділігі, тіл үйренушілерге нақты көмек жасауға қабілеттілігі тұрғысынан аудит жүргізу өте маңызды», – деді Сайыров премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында.
Депутат үкіметтен қазақ тілін үйретуге бағытталған қаржы қайда, қалай жұмсалып жатқанын сұрады.
Сонымен қатар, мәжілісмен оқу-үйрету бағдарламаларының тиімділігіне сараптама жасау қажет деп санайды.
«Осы мәселелер бойынша үкіметтің құзырлы органдарының қоғам алдында есеп беруін сұраймыз. Мемлекеттік тілді дамытудың арғы жағында ел мен жер мәселесі тұр. Мемлекет мығым болуы үшін ана тіліміз асқақтауы тиіс», – деді ол.