Экономист доллар бағамының 470 теңге маңайында нығаюы уақытша процесс екенін айтты
KASE сауда-саттық қорытындысы бойынша доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 473,49 теңге межесінде белгіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ал рубльдің ресми бағамы 4,97 теңге. Kurs.kz сайтында Алматының ақша айырбастау орындарында долларды орташа сатып алу – 466 теңге, сату – 470 теңге. Нұр-Сұлтанның ақша айырбастау орындарында америкалық валюта орта есеппен 464 теңгеден сатып алынып, 470 теңгеден сатылуда.
Соңғы уақыттарда доллардың теңгеге қарағанда нығаюы елдегі әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына қалай әсер етеді?
Экономист Айдар Әлибаев доллар бағамының 470 теңге маңайында нығаюы уақытша процесс екенін айтады.
«Теңгенің күшеюіне рубль бағамының артуы әсер етіп отыр. Бәрімізге мәлім, Еуропа Ресей мұнайын әлі сатып алып жатыр. Бұл өз кезегінде рубльдің тұрақталуына оң ықпал етеді. Мысалы, күніне мұнайдан Ресей бюджетіне 1 млрд доллар түсіп отыр. Міне, көрші ел валютасының артынан теңгеде де оң өзгеріс пайда болды», – дейді сарапшы.
Теңгенің долларға шаққандағы бағамының артуынан елдегі азық-түлік бағасы арзандай ма деген сауалға:
«Біздің елде ешқашан баға арзандамайды. Доллардың ықпалынан баға көтерілуін көтеріледі де, бірақ теңгенің «жағдайы» жақсарғанда азық-түлік, қызмет көрсету бағасы төмендеген емес. Базарға барсаңыздар, бағаның ары қарай өскеннің үстіне өсіп жатқанын көресіздер. Алдағы уақытта теңге тағы да нығаятын болса мүмкін әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының өсуі аз уақытқа тұрақтауы мүмкін. Бірақ тағы да айтамын бұның барлығы уақытша қадамдар», – дейді сарапшы.