БҰҰ өкілдері Украинадан кеткен босқындар саны 4,5 миллион адам болғанын айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі БҰҰ БЖКБ сайтына сілтеме жасап.
БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы (БҰҰ БЖКБ) 24 ақпаннан бастап 4 503 954 босқын Украинаның көрші елдермен шекарасынан өткенін мәлімдеді.
Польша шекарасынан 2 593 902, Румыния – 686 232, Венгрия – 419 101, Молдова – 410 882, Ресей – 404 418, Словакия – 314 485 және Беларусь – 19 096 босқын кесіп өтті.
Бұдан бөлек, БҰҰ БЖКБ өкілі 18-23 ақпан аралығында Ресейге Украинаның Донецк және Луганск облыстарынан 113 мың адам келгенін айтты.
©REUTERS
БҰҰ босқындардың бір бөлігі Еуропа Одағының басқа елдеріне, мысалы, Италия, Германия, Франция, Чехияға кетіп жатқанын атап өтті. Кейбірі АҚШ, Ұлыбритания және Аустралияға барады.