Кеше Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовты он тәулікке қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдырды. Осы орайда Дана Есеева соттан кейінгі әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Сотқа бір риза болғаным, қосымша жеке қаулыны жария етті. Ол 30 күн ішінде хаттама толтырған тергеуші мен оны қолдаған прокурорға қолданған әрекеттерінің жауабын беруді сұрады. Өйткені олар хаттамада қазіргі заңнамада көрсетілмеген негіздерді атап көрсеткен. Оның ішінде: қоғамдық шу, БАҚ-тағы жарияланымдар, т.б. Кешегі үндеуімде айтқаным да осы еді», – дейді Дана Есеева.
Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов 19 сәуір күні қамауға алынған еді. 10 күндік мерзім екі күннен соң аяқталатындықтан, Дана Есеева алдағы сот әділ өтетініне сенім білдірді.
«Меніңше, бұл бұлтартпау шарасын анықтауда шешуші отырыс болмақ. Барлығы объективті, заңды және әділ болады деп үміттенемін. Күйеуім кінәлі ме, жоқ па, қандай деңгейде кінәлі, оны сот анықтасын. Бірақ сотқа дейін қамауда отырудың қажеттілігі жоқ. Ол ешқандай қауіп төндірмейді және жасырынатын да ойы жоқ», – дейді Есеева.
Блогер қиын сәттерде отбасын қолдаған жақындарына алғыс білдірді.
Еске салайық, 10 ақпанда белгілі вайнерлер Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Әзімжан Саидбаев қаржылық пирамидаға қатысты іс бойынша айыпталушы ретінде танылғаны белгілі болды. Тергеу мәліметтері бойынша, олар Mudarabah Capital қаржылық пирамидасын жарнамалап қана қоймай, оның ортақ иелері ретінде үнемі табыс алып отырған. 11 ақпанда Саидбаевқа Алматы полициясы іздеу жариялағаны белгілі болды.