ҚР Парламенті Мәжілісі мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған заң жобасын таныстырған депутат Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, бірнеше Сенат депутатының бастамасымен Мәжіліс қарауына енгізілген құжат Қазақстан Республикасының 75 заңнамалық актісіне, оның ішінде 11 кодекс пен 64 заңға өзгерістер енгізуді көздейді.
Аталған заң жобасы бойынша, таксопарктер әрбір оныншы таксиді мүгедектігі бар адамдарға бейімдеуге міндеттелмек. Сондай-ақ, құжат қабылданса, 62 мыңнан астам мүгедектігі бар баланың ата-анасы шипажай-курорттық ем-домға мемлекет есебінен бірге баруға мүмкіндік алады. Аталған заң жобасының аясында 3 жылдық республикалық бюджеттен 5,9 млрд теңге қаржы қарастырылған. Бұған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектік бойынша жәрдемақы 30 мың теңгеге ұлғаяды деген ақпаратты теріске шығарған болатын.