Алматыда Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында жоспарланған іс-шаралар тізімі жарияланды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматыда 9 мамыр қарсаңында қаланың әр ауданында концерттік бағдарламалар, мемориалдарға гүлшоқтарын қою, әскери техника көрмелері және әскери-дала асханасы өтеді. Іс-шараның құрметті қонақтары Ұлы Отан соғысының ардагерлері болады, олар Жеңіс күніне дейін 1 миллион теңге көлемінде біржолғы төлем алады.
Мерекелеу аясында Ұлы Отан соғысына қатысушылардың портреттері бар билбордтарды орналастыу, қаланы мерекелік безендіру жоспарланған.
Мереке күндері қала әкімдігі 50 мың «Жеңіс лентасын» таратуды ұйымдастырады. Оларды 28 гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябақта, Орталық мәдениет және демалыс саябағында және іс-шаралар өтетін басқа да орындарда алуға болады.
Ардагерлерді құттықтауға қаланың этномәдени бірлестіктері қатысады, олар өз тарапынан материалдық көмек, азық-түлік себеттерін, дәрі-дәрмектер мен бірінші кезекте қажетті заттарды дайындады.
5-8 мамыр аралығында ардагерлер тұратын қаланың тұрғын үй кварталдарында, шағын аудандарында әскери оркестрдің қатысуымен концерттер өтеді. Қала әкімі, оның орынбасарлары, аудан әкімдері, мәслихат депутаттары ардагерлерге барып, оларды мерекемен құттықтайды деп жоспарланған.
Мереке күні, 9 мамырда сағат 9.30-да 28 гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябақта Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Онда заманауи қазақстандық әскери техника мен қару-жарақ көрмесі ұйымдастырылады. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне әскери-далалық асханамен мерекелік түскі ас беру жоспарланған. Саябақта мерекелік концерт өтеді.
Қала орталығында ғана емес, басқа аудандарда да мерекелік шаралар өтеді:
- 6 мамырда сағат 11.00-де Алатау ауданы әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңда аудан ардагерлері мен жастардың қатысуымен «Ер есімі – ел есінде» ескерткішіне гүлшоқтарын қою рәсімі өтеді.
- 7 мамырда сағат 12.00-де «Бақшасарай» залында Бостандық ауданының әкімдігі мерекеге арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырады.
- 8 мамырда сағат 11.00-де «Гүлдер» саябағында Жетісу ауданы әкімдігі дайындаған концерт өтеді.
- 9 мамырда сағат 10.00-де Наурызбай ауданы әкімдігі ғимаратының алдында «Ерлік ізі өшпеді» атты мерекелік концерт ұйымдастырылады.
- 9 мамырда сағат 11.00-де Ә.Молдағұлова мен М.Мәметова атындағы скверде Алмалы ауданы әкімдігінің 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған концерті өтеді.
- Дәл осы уақытта 9 мамырда Family Park демалыс саябағында Жеңістің 77 жылдығына арналған тағы бір концерт болады.
- 9 мамырда сағат 11.00-де С.Сейфуллин атындағы саябақта Түрксіб ауданының тұрғындары үшін концерт ұсынылады.
- 9 мамырда сағат 14.00-де Медеу ауданының аппараты 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта концерт ұйымдастырады.