Украинадағы ұрыс пен Ресейге салынған санкциялар Қазақстан экономикасына әсер етуде. Теңге курсының құбылмалы болуы жылжымайтын мүлік нарығына әсер етпей қоймады. Алдағы жазда жаңа салынған үйлердің бағасы қандай болады? Мамандардың пікірінше, үй салушылар қазіргі уақытта екіұшты ойда. Бұған бағасы қымбаттап жатқан құрылыс материалдары әсер етуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Өткен жылдың сәуір айымен салыстырғанда бұл саладағы баға өсімі 20%-дан асты. Жаз келісімен Қазақстанда жылжымайтын мүлік нарығында белсенді маусым басталады. Халық еңбек демалысын барынша тиімді пайдалануға тырысады. Нарық сарапшысы Ерғазы Мұсатаевтың айтуынша, бұл үрдіс соңғы 6 жылдан бері қайталанып келеді.
Оның сөзінше, биыл жазда жаңадан салынған үйлердің бағасы арзандайды деп күтудің қажеті жоқ. Жыл басынан бері құрылыс материалдары орта есеппен 15–20 %-ға қымбаттаған. Көптеген тауар түрлері Украина мен Ресейден келген. Енді құрылыс компаниялары салынған және жоспардағы нысан құнын қайта есептеуге мәжбүр.
Мұсатаевтың пікірінше, жаңа үйлер нарығында қара ниетті компаниялар үшін қолайлы жағдай қалыптасты. Маман қазақстандықтарды құрылысшыларды таңдау кезінде мұқият болуға шақырды.
«Көптеген құрылыс компаниялары акциялар ұсынады. Еліміздің әр тұрғынына: арзан бағаның жетегінде кетпеңіздер дегенді жеткізгім келеді.
Нарықта бір күндік компаниялар бар. Үлескерлік құрылыс жайлы заңға қарамастан, олар ешқандай негізсіз баспана сатумен айналысады. Бұлыңғыр схема алданып қалатын үлескерлер санын арттырады. Барлығын жіті тексеру керек»,- деді Мұсатаев.
Ал Krisha.kz-ке жауап берген бірқатар сарапшылар биыл жазда шаршы метрлердің құны түсетінін болжаған. Зейнетақы жинағының шекті межесі өсті, ипотекалық ставкалар көтерілді. Тиімді бағдарламалар аз, ал банктер тұрғын үйге деген несиені 20–25% мөлшерлемен беруде, дейді Қазақстан үй салушылары Ассоциациясының президенті Виктор Микрюков. Айтпақшы, жаңа үйлердің бағасының түспеуіне бір себеп осы.
Жыл ішінде ең қымбат шаршы метрлер Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тіркелді. Үш мегаполистегі шаршы метрдің құны 500 мың теңгенің айналасында. Ал ең арзан үйлер Тараз, Қызылорда және Талдықорған өңірлерінде тіркелді. Аталған қалаларда шаршы метр бағасы 160-190 мың теңге аралығында.