Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева тағы бір қызметке тағайындалды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Балаева Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы болып тағайындалды.
«Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 1 ақпандағы № 56 Жарлығына өзгерістер мен толықтыру енгізілді.
1. «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 1 ақпандағы № 56 Жарлығына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия туралы ережеде 7-тармақта «хатшыдан» деген сөз алып тасталды.
13-тармақ мынадай редакцияда жазылады:
«13. Комиссия қызметін ақпараттық-талдамалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшесіне кіретін тиісті сектор жүзеге асырады.»;
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрамында:
«Рамазанова Лаззат Керімқұлқызы – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, төраға (келісім бойынша)» деген жолдың алдында мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
«Балаева Аида Ғалымқызы – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, төраға»;
«Рамазанова Лаззат Керімқұлқызы – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, төраға (келісім бойынша)» деген жол мынадай редакцияда жазылсын:
«Рамазанова Лаззат Керімқұлқызы – Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, төрағаның орынбасары (келісім бойынша)».