Премьер-министр Әлихан Смайылов пен «Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ бас директоры Николай Горбань қазақстандық мұнайды экспортқа тасымалдау мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлихан Смайылов Теңіз кен орнын болашақта кеңейту жобасы аяқталғаннан кейін қосымша мұнай көлемін тасымалдау үшін КҚК құбыр жүйесінің осал жерлерін жою жобасын уақытылы іске асырудың маңыздылығына тоқталды.
«КҚК мұнай құбырын одан әрі апатсыз және үздіксіз пайдалануды қамтамасыз ету аса маңызды. Бұл үшін барлық қажетті шараларды қабылдау керек деп санаймын», — деді Үкіметі басшысы.
КҚК мұнай құбыры Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған ірі кен орындарынан мұнай экспорттаудың ең төте жолын және неғұрлым тиімді экономикалық жағдайларды қамтамасыз етеді. 2021 жылы Қазақстаннан құбыр арқылы 53,1 млн тонна мұнай, 2022 жылғы қаңтар-сәуір айларында 18,7 млн тонна мұнай тасымалданды.