Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев саясаткер Данияр Әшімбаевқа берген сұхбатында отставкаға кеткеннен кейін немен айналысып жүргенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Жалпы саясаткердің отставкаға кеткеннен кейін немен айналысатыны маңызды емес деп санаймын. Саясаткерлер келеді, кетеді, ал халық пен ел қалады. Бұдан гөрі еліміздің одан әрі қалай дамитыны және алдымызда қандай өзгерістер күтіп тұрғаны маңыздырақ», – деді Назарбаев саясаттанушы Данияр Әшімбаевқа берген сұхбатында.
Ол ел басқарған жылдары барлық көршімен, батыс әлемінің елдерімен сенімге негізделген қарым-қатынас орнағанын атап өтті.
Қазақстанды халықаралық саяси аренада құрметтейді. Қазақстандықтар шетелге демалуға немесе іскерлік сапарға емін-еркін шығады. Оларға әрдайым құрметпен қарайды. Қазақстандықтар шетелден жұмыс іздемейді, деп атап өтті Елбасы.
«Менің отставкамнан кейін кезінде бірге істеген көптеген мемлекеттің лидері маған хабарласып, өз елдеріне қонаққа шақырды. Мен олардың бәріне ризамын. Кейбірімен әлі күнге дейін байланысымыз үзілген жоқ», – дейді ол.
Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ, Түркі мемлекеттері ұйымының құрметті төрағасы екенін еске салды. Өзі құрған қордың жұмысына да көңіл бөлу қажет екенін айтты. Сондай-ақ жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалмағанын атап өтті.
«Бұған қоса өз өмірім мен қызметім жайлы естеліктермен жұмыс істеп жатырмын. Бүгінде менің ойым да, тілегім де – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуі жайлы. Біздің ұрпағымыз бізден де көп іс тындырғанын қалаймын. Оларға шын жүректен бұл істе табыс тілеймін», – деп түйіндеді Назарбаев.