ҚР бас прокуратурасы қыз алып қашқандарға қандай жаза күтетінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бас прокуратура өкілі салт-дәстүрді ұрлықтан ажыратудың ең бірінші тәсілі қыздың келісім беріп, бермеуін анықтау екенін айтты.
“Қыздың келісімінсіз алып қашқандардың әрекеті ауыр қылмысқа жатады. Олар қылмыстық кодекстің 125-бабы бойынша 4-7 жылға бас бостандығынан айырылады. Ал егер кәмелетке толмаған қызды алып қашса, 7-12 жылға дейін сотталып, мүлкі тәркіленеді”,- деді өкіл.
Сонымен қатар прокуратура қызды топ болып алып қашып, салдарынан өміріне қауіп төндіріп, денсаулығына нұқсан келсе, өлім жағдайына дейін барса ең қатал жаза ретінде 15 жылға бас бостандығынан айырылатынын жеткізді.
Және осындай жағдайларға куә болғандарға 102 нөміріне хабарласып, көліктің нөмірі, түсі, түріне назар аударуға кеңес берді. Деректерге сәйкес мұндай жағдайда арыз жазылмаса да, куәгерлік арқылы тергеу жұмыстары жүргізіледі. Егер ұрланған адам ешқандай қылмыстық залалсыз босатылса, айыпты да жауапкершіліктен босатылады.