Екі бірдей некесі сәтсіз аяқталған Мөлдір Әуелбекова бірінші күйеуімен не себепті ажырасқанын ашып айтты. Сөзінше, күйеуімен дәм-тұзының жараспауына енесі себеп болған. Ол кісі жас жұбайлардың ортасына іріткі салған көрінеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әнші шаңырағын бұзбау үшін қолдан келгенше тырысқанын, алайда ақырында тағдырдың жазғанына көнгенін айтады.
«Менің бірінші некем енем үшін бұзылды. Мақсатым отбасын сақтау болғандықтан, жеке басым қолымнан келгенше шыдадым және жақсы өмір сүрейік деп сұрап енемнің аяғына да жығылдым.
Бірақ ол кісі күйеуіме әрдайым басқаша жеткізіп, соңында ол мені, 5 айлық баласын тастап кетті. Жалпы, ажырасуға түбегейлі қарсымын. Бірақ адамдардың қателігінен тағдырдың тәлкегіне жіпсіз байлаулымыз», – деп ағынан жарылды ол.
Желідегі оқырмандары Әуелбековаға отбасы, ене туралы сауалдарды жиі қояды. Әнші бұл тақырыптан мезі болғанын жеткізді. Өзі сияқты күй кешіп жүрген келіншектерге әншінің айтары мынау:
«Ененің бәрі жаман емес. Жақсылары да бар. Енесі жақсылардың жолы болған. Қадірлеңіздер.
Негатив тақырыптан жалықтым. Осымен «күйеуге емес, енеге тұрмысқа шықтым» тақырыбын біржолата жабайықшы. Алланың есебі түгел. Қиянат жасаған адамның өз қиянаты алдына келмейінше өмірден озбайды. Алла сөзінде тұрушы. Осындай жағдай басыңыздан өткен болса кешіріп, Аллаға тапсырыңыз. Реттейді».