Қазақтандағы жоғарғы оқу орындарының тек 28-і ғана өз студенттерін жатын орынмен қамти алады. Демек 90 мыңға жуық студент жатақханасыз қалу қауіпі бар. Осы орайда Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек хостелдер мен қонақ үйлердің бағасын тәлімгерлер үшін қолжетімді етуі ұсынады. Бұл туралы Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сондай-ақ, министр теміржол мен әуе билеттерін бақылауымыз керек дейді. Алайда оны қай орган нақты қалай қадағалайтыны беймәлім. Еліміздегі жоғарғы оқу орындарының тек 28-і ғана өз студенттерін жатақханамен 100 пайыз қамтамасыз етеді. Ал Алматы мен елордадағы «Ұлттық» статусы бар ірі университеттерде жағдай мәз емес. Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбектің келтірген дерегінше, «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде – 15 мыңнан астам, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде – 4 500, Гумилев атындағы университетте 5000 төсек-орын жетпейді.
Сондықтан министр үкіметтен білім алушылар үшін қонақ үйлер мен хостелдерде тұру бағасын реттеуді сұрады. Сондай-ақ, әуе, теміржол билеттерін қымбаттатпауды қадағалау керектігін айтты.
“Бұл – кешенді мәселе. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Қазақстан темір жолы» АА-мен бірлесіп, темір жол және авиакөлікпен жолаушыларды тасымалдау үшін қосымша рейстерді қосу және билеттердің бағасын реттеу жөніндегі мәселені пысықтау туралы ұсыныс енгіземіз”, – дейді ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек.
Хостелдер мен қонақүйлердің бағасын көтермей, қолжетімді ету ұсынысын студенттер жылы қабылдады. Тек әр бөлмеде ең көбі 4 тәлімгер тұрса екен дейді. Себебі тар бөлмеде 8-10 студенттің бас біріктіруі білім сапасының төмендеуіне әкеп соғады.
“Квартира жалдау үшін өте көп ақша қажет. Сосын мен СДУ-да мысалы оқимын жатақханада орын жетпейді. Өйткені бізде 4-ші курста оқитындар бар, магистранттар бар. Хостелді білесіз. Бір комнатада 6-8 адам тұрады. Сен сол комнатада тұрып қалай оқисың? Жатақханадағы орын жетіспеушілігін пәтерлерін жалға берушілер пайдасына асырып жатыр. Университет маңындағы үйлер қазірдің өзінде әдеттегі бағадан 30-40 мың теңгеге қымбат жалға берілуде”, – дейді студент Абат Қасымов.
“Қазір маңайда университет жанынан пәтер іздеушілер көбейіп кетті. Мысалы ЕНУ-дің маңы дейді, Аграрканың маңайы дейді, КазГЮ-дің маңайы деген сияқты. Сұранысқа байланысты міндетті түрде баға да өседі. Шамамаен 30 пайызға бағаның өскені де байқалып жатыр”, – дейді дейді делдал Жамбыл Зейнолла.
Нұр-Сұлтанда жалға берілетін пәтерлердің жаппай қымбаттауына қыркүйекте өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің өтуі де себеп. Рим папасы зияратының аясында 50 мыңға жуық қонақ келмекші. Ал жатақхана тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін министр өңірлік инвесторларды жатақхана құрылысына ақшаны аямай құюға шақыруда.