Жахан Отарғалиев фильм түсіру үшін өзі тұрғызған екіқабатты үйді сатылымға шығарды. 65 миллион теңгеге бағаланған үйді сұраушылар көп екен. Алайда әлі нақты келісім-шартқа қол қойған адам жоқ. Отарғалиев үй сатылмастан, киноның түсіріліміне кірісіп кетті. Ол тырнақалды туындысына жұбайы Балжанды неге түсірмегенін Paparazzi бағдарламасында түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Балжан бұрын-соңды киноға түсіп көрмегеннен кейін өзі: «Келесі киноға бірге түсерміз. Мен енді вайнға түсіп жатырмын, тәжірибе жинап жатырмын», деді. Келесі фильмде екеумізді бірге көресіздер деп ойлаймын», – деді Жахан.
Жұбайының сөзінен Балжан да асып кете алмады.
«Алғашқы киносы болғандықтан, кәсіби актриса түскенін дұрыс санадым. Негізі іште актрисалық қабілетім бар, бірақ әлі шықпаған. Соны вайндар арқылы шығарып жатырмын. Келесі кино түсірем дегенше, дайын актриса болып қалармын», – деді ол.
КешYou-де жүргенде кең диапазонды даусымен танылған Балжан бүгінде вайнер атанған. Былтыр келін атанған ол енесімен бір кадрда жиі бой көрсетеді.
«Мама екеуміздің арамыздағы әзілге мүлдем негативті пікір жазылмайды. Мама да әзілді көтереді. Бір-бірімізбен жақсы тіл табысып кеттік. Қолдайтын енемнің барына қуанамын», – деп түсіндірді Бидаш.