Ресей эстрада әншісі МакSим комада жатқан кезінде екі рет жүрегі тоқтап, аман қалған. Ол бұл туралы Ксения Собчактың YouTube арнасында жариялаған сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Мүмкін, бұны айту дұрыс емес шығар, білмеймін. ЭКМО аппараты қосылып тұрды. Ал ол жүректің жұмысын алмастырады. Егер ол болмаса, ештеңе болмас еді», – дейді әнші.
Өнер жұлдызының айтуынша, ол өзінің өлімге жақын екенін түсінген. Бірақ солай бола тұра тыныштықты сезінгенін жеткізді. Әнші өлгеннен кейін «бәрі енді басталатынын», ал ол жақтағы өмір біз өмір сүріп жатқаннан шынайы екенін айтты.
«Мен комада болған кезде, басқа әлемде болғандаймын. Қазіргі өмірімде шындық аз екенін нақты түсіндім. Өзімді ұшып жүргендей сезіндім. Жағдайды қабылдап, жаным тыныштықта болды. Өлімнен мүлде қорықпадым», – деп мойындады ол.
Максим сондай-ақ, адамдардың ол үшін дұға еткенін естігенін жеткізді.
«Өліп бара жатырмын деп ойлағанымда өзімді жақсы сезіндім. Неге бұлай ойлағанымды білмеймін, позитивті адам болғаннан шығар. Басында ауруханада емделіп, бәрі жақсы болып кетеді деп ойладым. Әкемнің маған “аспанға баратын жол жабық” деген дауысын естідім. Бұдан соң, бір кабинаға түстім. Ол жақта қыс болып жатыр екен. Адамдар суық сумен жуынып жатыр. Олар маған да шаша бастады. Алайда мен мүлде жаурамадым. Күліп жүрдім. Ол жерде адамдардың мен үшін дұға тілеп жатыр деп айтқандарын естідім. Бұдан соң маған біреу келіп, қоштасқысы келетінін айтты”, – дейді ол.
Бұдан соң, өнер иесі оянған кездегі сезімдерімен бөлісті.
«Мен керемет жан тыныштықтығын сезінемін. Есімді жиған соң әлі жүре алмайтын сәтті естен шығара алмаймын. Мені креслоға отырғызып, ашық терезеге апарды. “Дайын бол, эмоциялар сіз сияқты жағдайда болған адамдардың төсектен бірінші тұрған сәтіндей болады” деді. Шын мәнінде, мен соны сезіндім. Жай ғана ағашқа қарап едім, көзімнен саулап жас ақты», — деді МакЅим.
Еске сала кетсек, 11 маусымда әнші суықтап ауырып, аурудың белгілерін сезіне бастады, оның дене қызуы 39 градусқа дейін көтерілді. Коронавирусқа жасалған тестер теріс нәтиже көрсетті, бірақ оның жағдайы жақсарған жоқ. 19 маусымда ол пневмониямен ауруханаға жатқызылып, жасанды желдеткіш аппаратымен комаға түсті.
3 тамыз әнші есін жиып, жағдайы жақсарып келе жатқаны хабарланды. Он күннен кейін Максим ауруханадан шығарылды.