Премьер-министрдің баспасөз хатшысы Қанат Құлшыманов ақтөбелік журналист Ардақ Ерубаеваға қатысты оқиға жайлы пікір білдірді. Журналист аймаққа іссапармен келген премьер-министрдің кортежін суретке түсіргені үшін жауапқа тартылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Баспасөз хатшысы 31 тамызда Әлихан Смайыловтың жұмыс сапарымен Ақтөбеге барып, депутаттар және өңір активімен кездесу өткізгенін айтты.
“Ол қала ішінде облыс әкімдігі тарапынан ұсынылған қызметтік шағын автобуспен жүрді. Ешкімге көлікті фотосуретке немесе видеоға түсіруге тыйым салынған жоқ”, – деп жазды Қанат Құлшыманов Facebook-парақшасында.
Құлшыманов үкімет басшысының бұған дейін де іс-сапармен Ақтөбе облысына барғанын атап өтті. Мамырдағы жұмыс сапары кезінде журналистер премьер-министрмен бірге нысандарды аралап, ешқандай кедергісіз түсірілім жүргізген.
“Менің Ақтөбеде екі жыл қызмет еткенімді білесіздер. Ардақпен жұмыс бабымен ғана емес, дос және әріптес ретінде араласып тұрамыз. Бұл күндері мен онымен байланыста болдым. Әрине, бұл мен үшін күтпеген жағдай. Журналистердің кәсіби қызметін бұлай шектеуге болмайды деп санаймын. Бұл келеңсіз жағдай Ардақ үшін тез арада оң шешімін табады деп үміттенемін”, – деп түйіндеді баспасөз хатшысы.