Жоспарға сәйкес, Жетісу және Түрксіб аудандарынан базарлар мен өнеркәсіптік кәсіпорындар қала сыртына көшіріледі.
Алматы қаласы Мәслихатының ХXV сессиясы барысында қала әкімі Ерболат Досаев оңтүстік астананың даму жоспарые жария етті. Оның айтуынша, 2030 жылға қарай Алматыда бес жаңа полиорталық пайда болады, деп хабарлайды Экспресс К.
Мәслихат сессиясында әкімдік өкілдері жоспарды құру кезінде Токио, Лондон сияқты әлемдегі ірі қалалардың тәжірибесіне сүйенгендерін жеткізді. Жоспар бойынша 2030 жылға дейін Алматыда бес жаңа полиорталық пайда болады. Бұған қала бюджетінен 6,1 триллион теңге қарастырылған. Әкімнің айтуынша, бұл қаражаттың 55 пайызын жеке инвесторлар бөледі.
Жоспарға сәйкес, Жетісу және Түрксіб аудандарынан базарлар мен өнеркәсіптік кәсіпорындар қала сыртына көшіріледі. Ал олардың орнына жаңа ықшамаудандар мен демалыс орындары салынады. Ал Құлжа трактінің бойында жоғары жылдамдықта жүретін автобус желілері іске қосылады. Сондай-ақ саябақ салу жоспарлануда.
Боралдайда Алматы 3 темір жол вокзалы салынса, Алматы 2 бекетінен Қонаевқа электр пойызы қатынайды.
Сондай-ақ сессия барысында атышулы «Алтын Орда» базары туралы да сөз болды. Мамандардың айтуынша, қаланың бас жоспарына сәйкес, базар көтерме сауда орталығына айналады. Ал «Барлық» базарының орнына метро станциялары, жүрдек автобус желілері мен теміржол вокзалы болады.