Сырты істер министрлігі Қазақстанның өзін-өзі жариялаған ЛХР, ДХР және Украинаның Запорожье мен Херсон облыстарының Ресейге қосылуы туралы референдумға қатысты ұстанымын жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министрлік өкілі президенттің бұған дейін бірнеше рет халықаралық құқық ережелерін бұлжытпай орындаудың маңыздылығы туралы айтқанын атап өтті.
«Өзін-өзі жариялаған ЛХР және ДХР мемлекеттері мен Запорожье және Херсон облыстарының әскери әкімшіліктері Ресейге қосылу туралы референдумдар өткізсе, Қазақстан мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, олардың егемендік теңдігі және бейбіт қатар өмір сүру принциптерінен шығады. Біздің Президент бірнеше рет, соның ішінде БҰҰ мінберінен сөйлеген сөзінде осы дүниежүзілік әмбебап ұйымның Жарғысына негізделген халықаралық құқық қағидатын бұлжытпай сақтаудың маңыздылығы туралы нақты мәлімдеді», – деді Қазақстан СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Сонымен қатар Смадияров жарғыда Біріккен ұлттар ұйымына мүше елдердің бейбітшілік пен аумақтық тұтастығын сақтау жөніндегі жауапкершілігі туралы айтылғанын мәлімдеді.
«Біз саяси диалогты жолға қоюда көмек көрсетуге дайын екенімізді тағы да айтамыз. Әрі біздің мемлекет аймақтық және ғаламдық деңгейде тұрақтылықты сақтау маңызды міндет деп есептейді», – деп қосты ол.
Айта кетейік, төрт облыстың Ресейге қосылуы туралы референдум 23 қыркүйекте басталған. Дауыс беру 27 қыркүйекке дейін жалғасады.