«АРАБТЫҢ МҰНАЙЫ АРАБТЫҢ ҚАНЫНАН БАҒАЛЫ ЕМЕС…»
Абу-Даби сияқты құм мен шаң басқан шағын ғана қаланы Шейх Зайд Аль-Нахайян қалайша бай, бақуатты, өркениет талаптарына сай өсіп, өркендеген мегаполиске айналдырды?БАӘ-ге қызық қуып келгендер бұл сұраққа бас қатыра бермейді. Олар жағажайды шайып жатқан жып-жылы суға шомылса, неше түрлі тағамдарды тоя жесе, сосын Европа мен Америкада шығарылған бренд киім-кешектерді ғана сататын, бағасы удай үлкен дүкендерді аралап, көңіл нәпсісін қанағаттандырса болды.Ал бір кездегі құм кезген бәдәуилер бұл өркениет пен мәдениетке қалай қол жеткізді? Ол үшін не істеу керек болды? Деген сұрақтар, сірә, мыңнан бірінің ғана миына кіріп-шығатын шығар.Шейх Зайд Аль-Нахайян 1971 жылдан 2004 жылға дейін БАӘ Президенті қызметін атқарды. Бірақ сонау 1966 жылдан басталатын Абу-Дабидің әмірі деген билігін де ешкімге берген жоқ, яғни Президенттік лауазымымен қоса атқарды.Міне, осы жылдар ішінде Парсы шығанағындағы (Өздері Араб шығанағы дейді) араб халқының бұрын-соңды көзі көріп, құлағы естімеген өркениетке қол жеткізілді. Ең бастысы сол, шейх Зайд «тек қана азаматтарға арналып, тек қана азаматтар үшін құрылған мемлекет (государств для граждан и ради граждан)» деген түсінікті қалыптастырған әлемдегі аз ғана елді ұйымдастыра білді.Сөйтіп ол дүниежүзіндегі ең ақылды көшбасшылардың бірі ретінде тарихқа енді. Ең қызығы, шейхтің, тіпті, мектепті бітірді деген де құжаты жоқ. Бірақ мықты мінез бен біліктілік, мұсылман діні негіздерін терең түсіне білуінің арқасында ол ислам әлеміндегі үлгі мен өнегеге толы аңыз адамның біріне айналды. Шейх Зайд – Шейх Сұлтан ибн-Зайд ибн-Халифа Әл-Нахайянның төртінші ұлы болды. Оның үстіне кенжесі еді. Атын атасы шейх Зайд ибн-Халифаның құрметіне қойыпты. Ол да кезінде “Ұлы Зайд” деген атаққа бөленіп, өз әмірлігіне 1855 жылдан 1909 жылға дейін билік жүргізген.Шейх Зайдтың әкесі 1922 жылы таққа отырғанымен 1926 жылы өлтірілді. Бұдан кейін билікті қолына алған шейх Сакр да 1928 жылы еркінен тыс ажал құшты. Осы кезде таққа шейх Зайдтың ағасы шейх Шахбут отырады.Былай қарасаңыз, шейх Зайдтың тәж киюіне мүмкіндігі мүлде жоқ болатын. Ал төрт баланың анасы Салам бинт-Бутти әл-Кубаиси бірінен кейін бірі жалғасқан өлімдерді тоқтату үшін ұлдарына бір-біріне күш қолданбау туралы ант қабылдаттырды. Олар ана алдындағы анттарына адал болды. Аз ғана білімі бар шейх Зайд сонау 1927 жылдан бастап Әл-Айн даласында бәдәуилермен бірге өмір сүрді. Осы қатал өмір оны тіршілік үшін күресуге, кең дала кемеңгерлігіне және стратгегиялық ойлау жүйесіне үйретті. 1946 жылы шейх Зайд Абу-Даби әмірлігінің (орталығы әл-Айн) губернаторы болды. Содан бастап ол өте кедей тұратын, жиі-жиі індет жайлап кететін аймақты жаңаша дамытуды қолға алды. Әсіресе, өлкені суландыру мен суды бөлуге баса мән берді.Бұл бер жағы. Шейх Зайдтың ең басты еңбегі ел басына күн туғанда адалдықтан ауытқымауы болды. Сауд Арабиясының әскері Бурами оазисіндегі Хамса мекенін басып алғанда, шейх Зайд қол астында қалың сарбазы болмаса да бір сүйем жерін басқыншыға бермеді. Сауд Арабиясының мұнай үшін әлімжеттік жасап отырғанын сезді. Сондықтан 30 миллион фунт (!) парадан бас тартты. Шейх Зайд пен оның ағасы шейх Хазза Женева трибуналында сөз сөйлеп, өздеріне жасалып отырған басқыншылық әрекет пен қоқан-лоққыны дәлелдеп берді. Трибуналдың шешімінен кейін Ұлыбританияның әскери күші Бурами оазисін оларға қайтарып алып берді. Сөйтіп бұл мәселеге 1974 біржола нүкте қойылды.Бірақ бұл қақтығыстағы жеңіс кемел келешекке жол ашып, мұнайлы аймақты бақылауда ұстаудың мәні мен маңызының қаншалықты қымбат екенін ұқтырды. Ал 1958 жылы Абу-Дабиден мол мұнай қоры табылып, 1962 жылы алғашқы мұнай өнімін жөнелту басталды. Бұл істе Маргерет Тетчердің рахымы да көп болғанынын айта кету керек шығар.Бірақ тақ иесі шейх Шахбут мұнайдан түскен қаржыны елдің дамуы үшін жұмсауға асықпады. Бұл отбасының наразылығын тудырып, олар тақ иесін орнынан алу керек деп шешті. Ал таққа иелік етуге шейх Зайд қай жағынан да лайық еді.1966 жылы 7 тамызда шейх Шахбут тұтқындалып, Лондонға жөнелтілді де, Абу-Дабидің жаңа әмірі болып Шейх Зайд тағайындалды. Міне, осыдан кейін елде жаңа үйлер, мектептер, ауруханалар құрылысы басталды. Шет елдерден мамандар шақырылды. Шейх оларға азаматтық та бермек болды, бірақ одан олардың өздері бас тартты. Сөйтіп шейх Зайд небары 40 000 тұрғыны бар Абу-Даби қаласын үлкен мегаполиске айналдыру жобасына құлшына кірісіп кетті. Қаланың бас жоспарын жасау үшін жапон инженері Катсухиро Такахушиді шақыртты. Әрине, шейх пен инженер арасында пікірлер қайшылығы да болды. «О, ұлы мәртебелі падишаһым, сіздікі жөн» деп бас иіп тұратын биліктен именбей «сен мені осы жұмысты істеуге жалдаған екенсің, ендеше менің айтқанымды тыңда, өйткені менің бұл салада білімім мен тәжірибем бар, ал сенде ол жоқ» деп шейх Зайдты «жөнге» салған жапон инженері өз дегенін жасады.Шейх Зайд та әмірмін деп тиым сала бермей, жапон инженерінің пікіріне құлақ асып, өзінің білімі мен көңіл көкжиегін де кеңейте түсті. Өйткені ол жаңа дәуірдің саясаткері болатын. Бұл, әсіресе, 1968 жылы Ұлыбританя осы аймақтан кеткен кезде байқалды. Өйткені ағылшындардың күші оларды сол кездегі Иран мен Сауд Арабиясы сияқты басқыншылардан қорғап тұрған болатын.Не істеу керек? Шейх Зайд Дубай әміршісі Рашид ибн-Саид әл-Муктуммен келіссөз жүргізіп, бір мемлекетке бірігуді пысықтады. Бұдан кейінгі жылдарда да ол үнемі бірігу саясатын ұстанды. Сөйтіп, 1971 жылы 2 желтоқсанда Абу-Даби, Дубай, Шарджа, Умм-ел-Кувейн, Аджман және Фуджейра әмірліктері Біріккен Араб Әмірлігі деген атпен тарихқа еніп, келісімге қол қойды.«Бұлар көп ұзамай тарқап кетеді» деген мысықтілеу бақылаушылардың жорамалы да теріске шықты. Мәмілеге келудің майын ішкен шейх Зайд әмірлермен тіл табысып, олардың арасындағы бірлік пен тірліктің дәнекері болып, тұтана бастаған барлық жанжалдарды басып отырды. Осындай ақыл-ойдың нәтижесінде 1972 жылы БАӘ билігінің жоғарғы органы – Ұлттық федералдық кеңес құрылды. Сөйтіп БАӘ-нің жаңа дәуірі басталды. Оның Президенті болып шейх Зайд тағайындалып, өмірінің соңына, яғни 2004 жылға дейін халқы үшін абыроймен қызмет атқарды.Ел есінде оның көптеген дана сөздері қалды. Соның бірі «Араб мұнайы арабтың қанынан бағалы болмауы тиіс» деген сөзі. Оның бұл сөзінің шындығын бүгінгі БАӘ-нің дамудың даңғыл жолына түскен кескін-келбетінен анық байқауға болады. Шейх Зайд өмірден өткеннен кейін өзі салдырған ақ мәрмәрмен қапталған әлемдегі ең үлкен үшінші мешіттің оң жағына жерленді.
(Тараз-Алматы-Дубай-Абу-Даби-Алматы-Тараз).
Көсемәлі Сәттібайұлы
Фесбуктегі парақшасынан