Қазығұрттық полиция қызметкерлері жергілікті тұрғындарға, соның ішінде қарттарға, ҰОС ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандарға құжатын жасап беруге, ары-бері сандалтпауға үнемі көмек көрсетіп отырады.
Осы мақсатта полицейлерден құрылған мобильдік топ халық арасында сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, жеке куәлігінің мерзімі өткен, 1 ғасырға жуық өмір сүріп жатқан әжені анықтады.
Содан кейін ақ жаулықты ананы шаршатпастан қажетті құжаттарын жинақтап, үйіне барып, фото-бейнеге түсірді. Осылайша Қазығұрт ауданының тұрғыны Айымхан Түлтебаеваға жеке куәлігін қайта жасап беруге көмек беріліп, дайын құжаты табысталды. Қазіргі таңда 92-ге келген әжеміз 7 ұл 2 қыз өсіріп, одан 60 немере сүйіп, 43 шөбере, 4 шөпшек өсіріп отыр.
92 жастан асқан кейуананың куанышында шек болмады. Ол полиция қызметкерлеріне және оларды басқарып отырған басшыларына аналық алғысын жаудырды. Ал ұлы, анасының құжатын жасап берген полицейлерге: «Жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Әсіресе, Қазығұрт ауданы полиция бөлімінің көші қон қызметінің полицейлеріне рақмет айтамын! Үйімізге келіп, анамыз жеке куәлік алу үшін құжаттарды рәсімдеп, қысқа мерзім ішінде табыстағаны үшін!»-деп шынайы ризашылығын білдірді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі