Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-5 C
Nur-Sultan
7 C
Almaty
14.3 C
Shymkent

Вивьен Фуке: Қаланың сыртында орналасқан университетті басқаша елестеттім

Танымал

Ел аузында

Бүгін Алматыдағы Сулейман Демирель атындағы университетте Мәдениет күні өтті. Халықаралық шараға АҚШ, Франция, Қытай, Жапония, Корея, Моңғолия елдерінің өкілдері қатысты.

Мәдени шара ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту, әртүрлі мәдениеттердің құндылығын, маңыздылығын тереңінен түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды. Мерекелік кештің ашылу салтанатында университет ректоры Әлімжан Игенбаев шетелдік қонақтарға алғысын айтты.

«Бүгінгі халықаралық шараға келген елшіліктердің өкілдеріне, студенттерге алғыс айтамын. Қазіргі таңда Университетімізде 8000 студент оқиды, оның ішінде Орта Азия, Африка, Қытай, Ресей, Моңғолия сияқты 16 елден келген 152 шетелдік студент білім алып жатыр. Сондай-ақ 40-қа жуық шетелдік профессор қызмет етеді. 26 мемлекеттегі 60 университетпен ынтымақтастық меморандум жасалып, бүгінгі таңда академиялық ұтқырлық, тәжірибе алмасу бойынша бірлескен жобалар атқарылуда. Университетімізге халықаралық студенттерді тарту мақсатында жыл сайын шет елдерде ISPT олимпиадасын өткізіп, оларға СДУ-да білім алуға мүмкіндік беретін гранттар мен жеңілдіктер ұсынамыз. Мұндай шаралар арқылы Сулейман Демирель университеті әртүрлі ұлт өкілдерімен, өзге елдермен тығыз жұмыс істейтінін, шетелдік жобаларға ашық екенімізді көрсеткіміз келеді», – деді ректор.

СДУ Инженерия және жаратылыстану ғылымдары факультетінің 4 курс студенті, кениялық Омар Мбала жоғары білім алу үшін неліктен Қазақстанға келгенін айтып берді.

«Мен қазір математика мамандығында білім алып жатырмын. Қазақстан туралы университеттің шетелдік балаларға арналған ISPT олимпиадасы арқылы білдім. Олимпиадаға қатысып, СДУ-да 4 жыл тегін білім алуға мүмкіндік беретін грант ұтып алдым. Қазақстанды таңдаған себебім – Кениямен ұқсастықтары бар. Бірақ бізде британдық жүйе бойынша оқытады, ал бұл жақта өзгеше. Мен Қазақстанға осы жақтың білім жүйесіне қызығып әрі өзге ұлт өкілдерімен араласу үшін келдім. Бүгінгі Culture Day шарасы мен үшін өте маңызды. Себебі адамдар түрлі ұлт өкілдерімен араласу, мәдениетімен танысу арқылы дамиды. Бұл жақта осындай шаралар көп өтетіні, халықаралық студенттерге баса назар аударылатыны өте ұнайды. Оқуымды бітірген соң СДУ университетінде «Жас маман» жобасы бойынша жұмыс істеуге қалуды жоспарлап жүрмін. Болашақта математика ғылымдары бойынша профессор болғым келеді. Қазіргі таңда ана тіліміз – суахали, қазақ, ағылшын, түрік тілдерін білемін», – деді Омар.

Халықаралық шараға қатысқан Алматы қаласы Француз Альянсының атқарушы директоры Вивьен Фуке қала сыртында орналасқан университеттің деңгейін көргенде таңданғанын жасырмады.

«Біз Франция мен Қазақстанның арасындағы ынтымақтастықты дамыту бағытында жұмыс істеп жүргендіктен, бүгінгі шараға қатысқаныма өте қуаныштымын. Сулейман Демирель университетіне алғаш рет келіп тұрмын. Қаланың сыртында орналасқан университетті басқаша елестеттім. Мұнда білім алып жатқан өзге ұлт өкілдері көп екеніне, студенттер шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғанына таңғалып тұрмын. Алдағы уақытта университетпен байланыс орнатып, әріптестеріммен тағы келуді жоспарлап отырмыз», – деді ол.

АҚШ Бас консулының қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісінің көмекшісі Чад Киннер әртүрлі мәдениет өкілдері бірігуі керек екенін айтты.

«Бүгін әртүрлі ұлт өкілдерінің өз елінің мәдениетімен таныстыру үшін бір жерге жиналғанына қуаныштымын. Менің ойымша, мәдениеттер арасындағы ынтымақтастықты арттыруға көмектесетін кез келген шара пайдалы. Сондай-ақ мұндай шаралар, шын мәнінде, адамдарды біріктіреді. Біз халықаралық қауымдастық ретінде бірігуіміз керек. Осындай әсем университетте ауқымды іс-шара ұйымдастырғандарыңызға рақмет», – деді Чад Киннер.

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

В Алматы продолжается проект «Социальная мастерская»

Волонтеры Алматы, в рамках социального проекта «Социальная мастерская», организовали уникальный и яркий поход на знаменитый каток Медеу для воспитанников...