Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-12 C
Nur-Sultan
-1.1 C
Almaty
3.3 C
Shymkent

БАЙРАҚТЫ ДОДА МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Танымал

Ел аузында

Сыр елінің дзюдодан халықаралық турнир өткізіп келе жатқанына көп уақыт болды. Бұл доданы ұйымдастырудағы басты мақсат жасөспірімдер арасында спорттың дамуына, дзюдо шеберлерін көбейтуге ықпал ету. Сонымен бірге, байрақты бәсеке өз елінің гүлденіп, дамуына ерекше еңбек сіңірген Болатбек Сүлейменовтің есімін ел есінде қалдыру, жақсы істі ұрпаққа өнеге ету мақсатында қолға алынған. «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі, алсын қайдан кемеңгерді» деп заманының дүлдүл ақыны Ілияс Жансүгіров әділін айтқан. Елді ұйытатын да, халықты жетістікке жеткізетін де – мықты азаматтар. Олардың жанкешті қызметін насихаттау арқылы талапты, еңбекқор жастардың легін қалыптастыруға болады.

Болатбек Сүлейменұлы да бар ғұмырын, күш-қайратын туған жеріне, еліне арнаған адам. Қасиетті Қармақшы елінің төл перзенті, аймақ экономикасын нығайтуға өзінің сүбелі үлесін қосып, ел алғысына бөленген атпал азамат «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атанған. Ағамыз бар саналы ғұмырын туған елінің көркейіп, гүлденуіне, экономикасының өрлеуіне арнаған, аудан халқының жүрегінде өзінің еңбексүйгіштігімен, дарындылығымен, іскерлігімен мәңгі дара тұлға ретінде жатталып қалған. Сонымен қатар, ол кісі Сыр бойы мәдениетін, оның ішінде жыраулық, ат сейістік, палуандық өнердің қайта жанданып, өркендеуіне атсалысты. Осындай ел алдындағы елеулі еңбегін Үкімет бағалап, «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» орденімен және басқа да мемлекеттік наградалармен марапатталды. Ал жыл сайын өткізілетін дзюдо додасы – халықтың еңбекқор перзентіне деген құрметі, ілтипаты іспеттес.

Болатбек Сүлейменовті еске алуға арналған биылғы халықаралық турнир де өз биігінде өтті. «Евразия» спорт кешеніне жан бітіріп, 2003–2005 жылы туылған жастар арасында ұйымдастырылған XXI халықаралық турнирдің ашылу салтанатына тұрғындар көп жиналды. Шараны облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов ашып, облыста дзюдо спортының дамуына үлес қосып жүрген барша азаматтарға және жарысқа демеушілік еткен Б.Сүлейменовтың ұрпақтарына алғысын білдірді. Дзюдодан мемлекеттік жаттықтырушы Жандос Қонысбаев құттықтау сөзі барысында Б.Сүлейменовтың ұлы, турнирдың бас ұйымдастырушысы Сүлейменов Сағатбекке шапан жауып, оған және облыстағы дзюдо спортының дамуына атсалысқан бірқатар жаттықтырушыларға алғыс хат табыстады. Болатбек Сүлейменовтың қарындасы, медицина саласының ардагері Әсия Сүлейменова өз кезегінде, дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан турнирдің өскелең ұрпақ үшін берері мол екендігін және осы турнирден түлеп ұшып, бүгінгі таңда Әлем, Азия шыңдарын бағындырған чемпиондар қатары жылдан-жылға артып келетінін атап өтті. Жалпы, турнирге еліміздің 17 облысынан және Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен 400-ден аса жас палуан қатысты. Шағын аймақты дүбірге бөлеген жарыс екі күнге созылды. Жас татами шеберлері арасында өткен тартысты бәсекенің жеңімпаздары да белгілі. Әр салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жүйріктердің алдын Бақытжан Аслан, Жұбатқан Нұрсұлтан, Алмат Әділет, Нұрдәулет Бақтыбайұлы, Мұхамедәли Мавлидов, Рауан Назымханов, Нұрсұлтан Қабылан секілді бабы мен бағы қатар шапқан өрендер бастап отыр. Жақсы іс жалғасын табар болса, дзюдо жарыстарында еліміздің байрағын көкке желбіретер жастар қатары көбейе берері талассыз.

А.САТЫБАЛДЫ, «Заң газеті»

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

DISNEY СТУДИЯСЫНЫҢ «МОАНА 2» АНИМАЦИЯЛЫҚ ФИЛЬМІ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ КӨРСЕТІЛЕДІ

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы әлемдік премьераларды қазақ тілінде көруге шақырады 28 қараша күні Астанада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен Disney студиясының «Моана 2» анимациялық фильмінің...