Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-10 C
Nur-Sultan
-9.1 C
Almaty
1.3 C
Shymkent

Зайырлы қоғамның басты құндылықтары: адам құқықтары, қоғамдағы келісім мен тұрақтылық

Танымал

Ел аузында

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялағаннан бері Негізгі заңда мемлекеттің басты құндылықтары қатарында адам құқықтары, бостандықтары мен өмірі деп бекіткен. Конституцияда (1 баптың 1 тармағында) мемлекеттің басты принциптері ретінде зайырлы, құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет деп орнықтырады. Зайырлы сөзінің түп мағынасында ашықтық, білімді қоғамдағы азаматтарды білдіреді. Еліміздегі діни ахуалды оңтайландыру мақсатында және құқықтық мәдениетті қалыптастыру барысында прокуратура органдарының қызметі өз нәтижесін беруде. Прокуратура органдары тарапынан қабылданып, жүзеге асырылып жатқан шаралар нәтижесінде бірқатар пәрменді жұмыстар атқарылуда.

Біріншіден: зайырлылық принциптерін насихаттау және діни экстремизмнің қателігін түсіндіру шаралары онлайн, офлайн форматтарында жүргізілуде. Екіншіден: телефон арқылы «жалған терроризм» баптары бойынша жалған хабарлама таратушылардың үлесі төмендеген, жастар мен ата-аналардың жауапкершілігі түсіндірілуде. Үшіншіден: бұқаралық ақпараттық құралдар арқылы лаңкестік және экстремистік ұйымдардың қауіптілігі қоғамға түсіндірілуде. Төртіншіден: ғаламтор ресурстары мен әлеуметтік желідегі заңсыз мазмұндағы контентке қарсы шаралардың үлесі азаюда. Бесіншіден: діни қарым-қатынас саласындағы субъектілердің заң алдындағы жауапкершіліктері кеңінен түсіндіріліп, құқық бұзушылықты алдын алу шаралы жүргізілуде.

Белгіленген тақырып бойынша бірқатар сауалдар арқылы зайырлылық принциптерін, модельдерін, негізгі мәселелерді қарастыру көзделген.

Діни немесе зайырлы қоғамның айырмашылығы қандай ?

Адамзаттың түрлі қоғамында, ежелгі, ортағасырда, жаңа дәуірде, қазіргі заманда дін мен мемлекеттік биліктің арасындағы қатынастары белгілі бір ұлттар мен халықтардың тарихы, мәдени дамуы мен саяси-экономикалық негіздері жетекшілікке алынған.

Батыс пен Шығыс елдерінде тарихи кезеңдерге байланысты дәстүрлі діндері, сенімдері бар. Қазіргі замандағы әлемнің картасында 200-ге жуық мемлекеттердің басым бөлігінде ресми діни конфессиялары бекітілген, Батыс Еуропа елдерінің тарихи-мәдени ерекшеліктеріне байланысты христиандық діннің католицизм, протестантизм бағыттарына ерекше мәртебе берілген. Еуропа мен Америка Құрама Штатында демократиялық жолдармен реттелетін діни қарым-қатынас саласында өздерінің төл мәдениетіне жақын Христиан дінінің шіркеулеріне басымдықтар берілген.  

Таяу Шығыс, Араб континентіндегі елдердің ресми діндері Ислам діні болуымен қатар Христиандық бағыттағы кейбір ортодоксалды шіркеулердің қызметіне рұқсат жасалынған. Мысыр, Тунис, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Малайзия сынды мемлекеттерде туристік бағыттар арқылы экономикалық табыстарға қол жеткізулеріне және де сыртқы, ішкі факторларға байланысты Ислам дінінен басқа да діни сенімдерге рұқсат берілген, діни толеранттылықтың басты себептерінің бірінде Құрандағы және Мұхаммед пайғамбардың (Алланың сәлемі мен салауаты болсын) хадистерінде айтылған «кітәп иелері» қауымдарымен (еврей, христиандық қауымдармен) сыйластық, құрметтеу қағидаларында қарым-қатынас орнату жазылған.

Зайырлылық сөзінің мағынасын қарастырсақ бірнеше түсініктері бар.

«Зайырлылық» деген сөздің мағынасы – «дін мемлекеттен бөлек» дегенді білдіреді.

Зайырлылық – ар-ождан бостандығы және төзімділік сынды ұғымдармен тығыз байланысты.

Зайырлылық ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екендігін танытады.

Жалпы әлемдік қауымдастықта зайырлылықтың үш түрлі үлгісі қалыптасқан:

▪ Зайырлылықтың бірінші үлгісі – секуляристік (атеистік) үлгі. Оның көрнекі мысалы халқымыз бастан өткерген кеңестік режимді орнықтырған КСРО болып табылады. ҚХР да бүгінге дейін осы үлгіні пайдалануда.

▪ Зайырлылықтың екінші үлгісі – сепаратистік үлгі. Бұл үлгі діни қауымдастықтардың мемлекеттен бөлінгенін және заңнамада қандай да бір діннің немесе конфессияның ерекше құқыққа ие болмайтынын негізге алады.

▪ Зайырлылықтың үшінші үлгісі – таңдамалы негіздегі үлгі. Бұл үлгі қоғам үшін ерекше құнды болып табылатын, конституциялық деңгейде анықталатын діни басымдықтарды басты тірек етеді.

Қазақстан қазіргі таңда зайырлылықтың сепаратистік үлгісін ұстанады.                    Бұл үлгі діни қауымдастықтардың мемлекеттен бөлінгенін және заңнамада қандай да бір діннің немесе конфессияның ерекше құқыққа ие болмайтынын негізге алады.

2011 жылдан бастап «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы»                        ҚР Заңның қағидаларына сәйкес, мемлекет пен діни конфессиялардың қарым-қатынасы зайырлық принциптерге байланысты  нығайды. Заң талабы бойынша 1 жыл ішінде 32 % діни бірлестіктердің саны қысқарып, 46 конфессиялар мен деноменациялардан 18 конфессия қалдырылды, мемлекеттің заңы мен дінтанулық ғылыми сараптамадан өтпеген конфессиялардың қызметіне шектеу жасалынды.

Зайырлылық принциптерін ұстанатын мемлекеттердің үлесі қалай бағаланады ?

Заманауи мағынадағы зайырлылық қағидасы Еуропада пайда болған. Дегенмен, бүгінгі дамыған мемлекеттерде зайырлылықтың жүзеге асырылуы деңгейі әртүрлі. Жалпы айтқанда, зайырлылық мемлекет билігін діни тап өкілдеріне бермеу дегенді білдіреді, яғни, зайырлылық дегеніміз «дінсіздік» немесе «дінді жек көрушілік» емес.

Жалпы зайырлылық тарихына қысқаша тоқтала кететін болсақ, зайырлылықтың отаны Франция болып саналады. Дегенмен діннің мемлекеттен бөлінуі Ежелгі Антикада байқалған. Жалпы батыста зайырлылық ұғымы екі бағытта дамыды:

1. Француздық және американдық бағыт.

2. Солтүстік Герман және Англо-саксондық бағыт.

Зайырлылық – көне Еуропада бір мағына беретін термин болғанымен, латын тарихының жалғасы болып табылатын елдерде (Жерорта теңізі жағалауындағы Рим империясы территориясында пайда болған елдер Италия, Франция т.б.) «зайырлылық» деп аталса, ал протестанттық мәдениетін сіңірген Герман, Англо-саксондық елдерде (Германия, Ұлыбритания, АҚШ т.б.) «секуляризм» ретінде қабылдаған.

Жалпы «зайырлылық» ұғымына анықтама берген француз философы және филологы, позитивизмнің өкілі Огюст Конттың шәкірті Эмиль Литтре. Ол: «Барлық культтерге бейтарап қарайтын, діни басшылықтан тәуелсіз және кез келген теологиялық тұжырымдамадан азат болып табылатын мемлекеттің белгісі» деп тұжырымдады.

Жалпы, қазіргі уақытта дүние жүзіндегі зайырлылық үлгілерін шартты түрде екі үлкен топқа бөлуге болады.

Біріншісі – «қатаң» болып саналатын, дінді қоғамдық өмір саласынан тысқары ұстауға тырысатын «франциялық» зайырлылық үлгісі болса, екінішісі – «жұмсақ» болып саналатын, әрбір азаматқа ұстанатын діни-наным сенімдеріне сәйкес, жеке және қоғамдық өмір салаларында өмір сүруіне жағдай жасайтын және діндердің қоғамдық өмір саласына араласуына тосқауыл қоймайтын «англо-саксондық» үлгісі.

Жаһандық деңгейде болып жатқан үрдістерді, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы соңғы жетістіктерді және еліміздің ішкі әрі сыртқы саясаттағы ұстанымдарын назарға ала отырып, Қазақстан үшін зайырлылықтың «жұмсақ» үлгісі ең дұрыс таңдау болатыны анық.

Қазақстан Республикасында мемлекеттің зайырлылығын көрсететін мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы қарым-қатынастарды реттеудің бірнеше формалары қалыптасқан немесе мемлекеттің діни қатынастарды бірізділікке түсірудің бірыңғай бағдарламасы қамтамасыз етілген және табысты  түрде іске асырылуда.

         Қорытындылай айтқанда, зайырлы қоғамды нығайту дегеніміз діни немесе атейстік (Құдайдың барлығына сенбейтін) пікір еместігін түсіндіруді қоғамдық санаға насихаттауды іске асыруды жалғастыру қажет. Жаңа дәуірдегі қоғамдық келісім мен конфессияаралық татулықты нығайтып, өркениетті мемлекеттердің қатарында даму бағытында болғанымызды көздейтін азаматтық қоғамның нығаюына жаңа серпін жасауымыз қажет.

А.Д.Шағырбай Философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері, PhD докторы

Сараптамалық материал Алматы қаласы Прокуратурасының көмегімен дайындалған

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

«Аманат» әуе дуэті IV Халықаралық балалар мен жастар цирк фестивалінде Алтын жүлдеге ие болды

Қазақ мемлекеттік циркінің әртістері, Дәулет Досбатыровтың жетекшілігіндегі «Аманат» әуе дуэті Данат пен Данали Досбатыровтар 6-8 желтоқсанда Тула мемлекеттік циркінде...