Отырар аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оның атынан белгісіз біреу банктердің бірінен несие алған. Келтірілген шығын көлемі 1 миллион теңге. Бұл туралы жәбірленуші арадан 1 айдай уақыт өткен соң банктен несиеңізді төлеңіз деп хабар келгенде бірақ біледі. Содан тез арада тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұрады.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Арызданушының шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында отырарлық полицейлер қажетті іс-шараларды жүргізді. Жинақталған ақпарат нәтижесінде, осы қылмысқа қатысты күдікті анықталды. Ол жәбірленушінің танысы, жергілікті тұрғын жас әйел болып шықты.
Анықталғандай, күдікті келіншек жәбірленушіні жұмысқа кіргізіп беремін деп, оның құжаттарын суретке түсіріп алған. Содан жәбірленушінің жеке мәліметтерін пайдаланып, атынан тауарлық несие шығарған. Бұдан бөлек аталмыш әйелдің тағы 2 жайт алаяқтық қылмысына қатыстылығы анықталды. Онда күдікті әріптесі мен туысының құжаттарын түрлі сылтаумен алып, олардың аттарынан әрқайсысына 1 миллион теңгеден несие алған. Күдікті әйел қомақты қаражатты өз пайдасына жұмсап жібереді.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің басқа да осындай алаяқтық қылмысына қатысы бар-жоғы анықталуда.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өзіңізге қатысты жеке, құпия сандарды ешкімге бермеңіздер деп ескертеді. Банктік кәртішкелеріңізбен жеке куәлігіңізге, жалпы құжаттарыңызға ұқыпты болыңыздар.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі