Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-8 C
Nur-Sultan
10 C
Almaty
11.3 C
Shymkent

МӘМС оңалту медициналық қызметін қолжетімді қыла түсті

Танымал

Ел аузында

Елімізде жыл сайын 40 мыңнан аса адам инсульт алып, оның 5 мыңға жуығы инсульт алғаннан кейінгі алғашқы он күнде ажал құшады екен. Мамандар әсіресе ковид індетінен кейін елімізде инсультке шалдығушылар саны айтарлықтай артқанын айтуда. Демек халық арасында инсультке шалдығушылар санының артуына орай соған сай медициналық қызмет те көрсетілуі керек. Осы орайда елімізде екі жылдай бұрын ашылған «Аруана» оңалту орталығын дер кезінде ашылған медициналық орталық деп айта аламыз. Өйткені инфаркт, инсульттан кейін адам қалыпты өмірге оралуы үшін дер кезінде оңалту шаралары қолға алынып, науқасқа тиісті көмек көрсетілуі тиіс. Еліміздің денсаулық сақтау жүйесі де осы өзгерістерге дер кезінде бейімделіп, МӘМС арқылы медициналық реабилитацияға бөлінетін қаржы көлемі соңғы бірнеше жыл ішінде 13 есе артып отыр.

Мысал келтірер болсақ, 2019 жылы оңалту қызметіне бар-жоғы 600 млн теңге жұмсалған болса, 2022 жылы Алматыдағы реабилитациялық қызметтерге 7,5 млрд теңге қарастырылған екен. Ауыз толтырып айтарлықтай қаржы қазір науқастардың игілігі үшін жұмсалуда. Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, биылғы жылдың 10 айында Алматы қаласының өзінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен 700 мыңға жуық медициналық оңалту қызметі көрсетілген. Оған Медициналық сақтандыру қоры тарапынан 5,8 млрд теңге жұмсалыпты. Атап өтер жайт, науқастар өз аймағындағы оңалту орталықтарына көңілі толмаса МӘМС жүйесі арқылы мемлекеттік емханалар мен ауруханаларда ғана емес, өзі қалаған қаласындағы  жекеменшік клиникаларда, реабилитациялық және спорттық-оңалту кешендері мен шипажайларда да тегін ем алады. Бүгінгі күні Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі науқастарды оңалту мен олардың денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-шаралардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Жүйенің басты көздегені де осы екенін ескерсек, бүгінгі күні аталмыш жүйе бастапқы мақсатына жетіп отыр деп айта аламыз. Бүгінгі күні медициналық сақтандыру қорынан әр науқастың 1 курстық еміне 240 мың теңге қаржы жұмсалуда.

Осы орайда өткен аптада Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев БАҚ өкілдерімен бірге Алматы қаласы бойынша реабилитациялық қызметтер көрсететін мекемелердің бірі – «Аруана» оңалту орталығына арнайы ат басын бұрып науқастардың жай-күйін біліп, медициналық мекеменің тыныс тіршілігін көріп қайтты. «Аруана» оңалту орталығын аралай жүріп, елімізде инсульт алатын науқастар саны артып тұрған кезеңде дер кезінде ашылған орталық екеніне бір қуансақ, орталықтың уақыт талаптарына жауап беретін артықшылықтарына екі қуандық.

Шынар Мәлікқызы басшылық ететін «Аруана» оңалту орталығында бүгінде 71 маман қызмет етеді екен. Олардың барлығы дерлік жоғары медициналық білімі бар мамандар. Тіпті массаж жасаушылар мен жаттықтырушылардың өзі жоғары білімді дәрігерлерден құралған. Сондай-ақ, мұнда өте білікті логопедтер жұмыс істейді. Орталықтың жаттығу залы шетелдік жаңа жаттықтыру құралдарымен жабдықталған. Сондай-ақ, орталықта науқасқа алғашқы көмек көрсететін реанимациялық база да бар. Дәрігердің айтуынша, инсульт бірнеше рет қайталануы мүмкін қауіпті ауру болғандықтан, орталықтағы дәрігерлер науқасқа алғашқы көмек көрсетуге әрдайым дайын болуы керек. Соңғы екі жылға жуық уақыт ішінде «Аруана» медициналық орталығы 2600 науқасты аяғынан тік тұрғызып, қалыпты өмірге оралуына көмектескен.

Бүгінде орталықта ем алып жатқан науқастар өздеріне көрсетіліп жатқан оңалту қызметтеріне дән риза екендерін жарыса айтты. Солардың бірі  Ғалия МҰРАТҚЫЗЫ «Осымен инсултты екінші рет алып тұрмын. Ең алғаш 2011 жылы инсульт алдым. Жазылып кеттім деп, дәрілерді уақытылы қабылдауды қойған кезімде  2021 жылы көктемде тағы да инсульт қайталанды. Ауруханадан шыққан бетте «Аруана» орталығына келдім. Бұл жерге келгенде бетім қисайған, қол-аяғым ұйып, мүлде істемей қалған еді. Қазір тағайындаған мүгедектікті алып тастасын дейтін дәрежеге жеттім. Өйткені мамандығым ұстаз. 32 жылдық еңбек өтілім бар. Әлі де болса мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді. Алғашында икемге келмейтін саусақтарым қазір тіпті жазу да жаза алады. Орталықтағы әрбір маман, дәрігердің жүзінен мейірім төгіліп тұрады. Жаттықтырушы балалар, медбикелер, дәрігерлер мен логопедтер жазылмасқа жаныңды қоймайды. Кейде орныңнан тұрғың келмей жатса да келіп мазалап тұрғызып алып, қажетті медициналық шараларды жасайды. Осындай кезде мен де біреуге керек екем ғой деп жүрегің тебіреніп, өмірге деген құлшынысың артады. Бұл мамандар кез келген науқасты оңалтады деп сеніммен айта аламын. Жүрген жерімде «Аруана» орталығы туралы үнемі айтып жүремін. Орталыққа үшінші рет келіп емімді жалғастырып жатырмын» деп ризашылығын білдірді.

Негізі аталмыш орталықта бір мезгілде 85 науқас ем алатын болса, науқастардың сұранысынан жыл бойына орын босамайды екен. Демек науқастардың көңілінен шығып отырған оңалту орталығы барлық талапқа сай!

Тілеухан ӘБІЛДАЕВ, МСҚ Алматы филиалының директоры:

Бүгінгі таңда науқастың денсаулығын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін реабилитацияның маңызы артып отыр. Мұны міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылықтарының бірі деуге болады. Жүрек-қан тамырлары және басқа да нейрохирургиялық, неврологиялық ауруларға шалдыққан жандар оңалтуға зәру. Мұндай науқастарды күтіп, бағу туыстарына да оңай емес. Сондықтан да міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры барлық профильдер, соның ішінде оңалту қызметі бойынша жаңа клиникаларды жұмысқа тартумен тұрақты түрде айналысып келеді. Бұл емдеу мекемелеріндегі кезекті азайтып, науқастардың медициналық көмекті пайдалану құқығын қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Биыл Алматы қаласында 75 медицина ұйымы реабилитация профилі бойынша қызмет көрсетіп жатыр. Жыл басынан бергі он ай ішінде оңтүстік астанада міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен 700 мыңға жуық медициналық оңалту қызметі көрсетілді. Оған Медициналық сақтандыру қоры тарапынан 5,8 млрд теңге төленді. Олардың бәрі Қормен келісімшарт бекіткен. Науқас реабилитациядан өтетін клиниканы өз бетінше таңдай алады. Оңалту орталықтары көбейген сайын бәсекелестік те, сапа да жоғарылайды. Олардың нақты тізімімен Қордың fms.kz сайты арқылы танысуға болады. Жолдама аурухананың немесе емхананың мультидисциплинарлық командасының қорытындысы негізінде беріледі. Болашақта халыққа қызмет көрсететін медициналық қызметтің түрлерін көбейту, оның ішінде реабилитация саласының сапасын көтеру, қолжетімділігін арттыру, халықтың таңдау құқығын қамтамасыз ету бағытында жұмысымызды күшейте түсеміз.

Шынар МӘЛІКҚЫЗЫ, «Аруана» оңалту орталығының директоры:

Соңғы жылдардағы ковидтің салдарынан жүрек-қан тамырлары аурулары көбейіп кетті. Бірақ бір нәрсе анық, дер кезінде кәсіби білікті маманнан ем алып, оңалтудан өткен науқастың 100 пайыз жазылып кетуіне мүмкіндігі зор. Біздің орталық науқастардың санына емес, сапасына жұмыс істейміз. Бізге келген әрбір науқастың қалыпты өмірге оралуына барымызды саламыз. «Аруана» орталығына нейрохирургия, неврология, кардиология, кардиохирургия, ортопедия, травматология секілді алты бағыт бойынша науқастарды қабылдаймыз. Қаладағы ауруханалармен тығыз байланыстамыз. Тіпті, республиканың басқа да өңірлерінен келіп ем алатындар бар. Өйткені, науқастың айығып кеткені өзі үшін де, дәрігерлер үшін де үлкен жеңіс. Инсульт, инфаркт, буын алмастыру, кардиологиялық операцияларға деген сұраныс артып отырған бүгінгі заманда медициналық реабилитацияның маңызы зор екені рас. Біздің орталық сырқат салдарынан өз бетімен жүріп-тұру, сөйлеу, жұмыс істеу қабілетін жоғалтқан науқастарды аяққа тұрғызуға үлес қосып келе жатқан клиникалардың бірі. «Аруана» әлеуметтік бағыт ұстанады. Және мұнда пациенттерге реабилитациялық көмек ақылы түрде көрсетілмейді. «Инсульт алғаннан кейінгі бастапқы үш айдың берер мүмкіндігі мол. Егер ем дұрыс болса осы уақыт ішінде пациенттің өмірін сақтап қана қоймай, ағзаның қызметі бұзылған біршама функциясын қалпына келтіруге болады. Бізде мұндай пациенттерге білікті психологтар, логопедтер, физиотерапевтер, емдік-шынығу нұсқаушылары және тағы да басқа мамандар қызмет көрсетеді.

Пациенттер орталықта орта есеппен 10 күн емделеді және күн сайын денсаулықты қалпына келтіретін ем-шараларды үздіксіз алып отырады. Атап айтқанда, массаж, физиотерапия, кинезиотерапия сеанстарынан өтіп, логопед, емдік шынықтыру мамандарымен жұмыс істейді. Жаттығу залы түрлі заманауи қондырғылармен жабдықталған.

Сонымен қатар, мұнда пациенттердің туыстары сырқатқа шалдыққан адамды дұрыс күтіп-баптау сырларын да үйрене алады.

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

АЛМАЛЫ КОМЬЮНИТИ ОРТАЛЫҒЫНДА «ALMALY NIGHT»КЕЗЕКТІ КВИЗ ОЙЫНЫ ӨТТІ

2024 жылғы 23 қазанда Алмалы комьюнити орталығында Алмалы ауданының демалыс орталықтарынан жастарды жинаған "Almaly Night" кезекті квиз-ойыны өтті. Бұл...