Бас прокуратура тергеудің заңдылығын қадағалауды қамтамасыз етуге және заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті түсініктемелер беруге міндетті.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қамауға алынған журналист Михаил Козачковтың «барлық заңды құқығы толық сақталуға тиіс» екенін ескертті. Мемлекет басшысының бұл сөзін әлеуметтік желіге оның баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына журналист Михаил Козачковқа қатысты жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстарына орай бірқатар медиа қоғамдастық өкілі үндеу жолдады. Осыған байланысты бұл іс Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тек құқық шеңберінде қаралуға тиіс екенін атап өту қажет. Бас прокуратура тергеудің заңдылығын қадағалауды қамтамасыз етуге және заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті түсініктемелер беруге міндетті. Қазақстан азаматы ретінде журналистің барлық заңды құқығы толық сақталуға тиіс», – деп жазды Руслан Желдібай.
Еске салсақ, Қаржылық мониторинг агенттігі журналист Михаил Козачковтың ұсталғаны туралы ақпарат таратты. Ол «Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына рейдерлік басып алулар жасауға көмектескен» деген күдікке ілініп отыр.
«Әділ сөз» ұйымы агенттіктің заң бұзып отырғанын жариялап, журналисті қорғайтынын мәлім етті.