Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жасаған сапары барысында азық-түлік бағасының қымбаттауына және ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесіне қатысты ойын айтты. Мемлекет басшысы, азық-түлік құнының қымбаттауы әлем нарығында болып жатқан жағдай. Қазір барлық елде тауар бағасы 40-50 пайызға дейін артқан – деді.
«Біздің еліміздегі қордаланған мәселелердің салдарынан азық-түлік қымбаттап отыр. Бұл мәселені шұғыл шешуге қанша тырыссақ та, жағдайды өздеріңіз де көріп отырсыздар. Аталған мәселені жүйелі түрде шешуіміз қажет. Ауыл шаруашылығы саласына қыруар қаржы бөлсек те, азық-түліктің басым бөлігін сырттан аламыз. Өзге елдер субсидияның не екенін де білмейді. Білсе де, дәл осындай мол қаржы бөлінбейді. Бір жағынан, адамдарды босаңсытып жібердік, екінші жағынан сыбайлас жемқорлыққа жол беріп алдық. Бұл мәселемен түбегейлі айналысуымыз керек. Мен Үкіметке, Ауыл шаруашылығының жаңа министріне міндет жүктедім», – деді Президент.