Қазақстандықтар интернет сапасына қатысты көптеген шағым айтып жатады. Интернетпен қандай да бір проблема туындаған жағдайда жекелеген тұтынушыларға өтемақы төлене ме? Интернет негізсіз өшірілген жағдайда операторларға қандай жаза тағайындалады? Бұл туралы Massaget.kz тілшісіне Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникация комитеті өкілдері жауап берді.
Комитет өкілдерінің айтуынша, Интернет негізсіз өшірілген жағдайда операторлар пайдаланылмаған кезең үшін құнын қайта есептеуге міндетті («Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына» сәйкес Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 24 ақпандағы № 171 бұйрығы).
«Жоғарыда көрсетілген қағидалар бұзылған жағдайда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 637-бабы 1-бөлігінің 17-тармақшасына сәйкес жауапкершілік көзделген», – делінген Massaget.kz тілшісіне берілген ресми жауапта.
Ал операторларға қатысты тексеру жүргізу мәселесі бойынша көп жағдайда шағымдар байланыс сапасына байланысты түсіп жатады екен.
«Келіп түскен шағымдардың негізінде жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі, бұзушылық анықталған жағдайда операторлардың атына әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалады. ҚР ӘҚБтК 637-бабының 14, 15-бөлігі бойынша қаралады. Яғни 14-бөлік бойынша: жеке тұлғаларға – 10 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 20 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады», – делінген жауапта.
Ал 15-бөлік бойынша – жеке тұлғаларға – 20, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 80, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады екен.
Комитет мәліметінше, байланыс сапасы бойынша жоспардан тыс тексерулер жүрген. Ол бойынша:
2019 жылы 51 тексеру жүргізіліп, 10,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.
2020 жылы 93 тексеру жүргізіліп, 23,9 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.
2021 жылы 562 тексеру жүргізіліп, 132 миллион теңге айыппұл салынған.
2022 жылдың қорытындысы бойынша, 1175 жоспардан тыс тексеру жүргізілген және 790 миллион теңге сомасына айыппұл салынған (жеңілдікті ескере отырып, 395 миллион теңге төленген).
2023 жылдың басынан бастап 184 жоспардан тыс тексеру жүргізілді және 1 миллиард 670 миллион теңге сомасына айыппұл жазылды (жеңілдікті ескере отырып, 835 миллион теңге төленген).