Отбасы - тәлім мен тәрбиенің, мейірімділік пен адамгершіліктің ордасы. Үлгілі жанұялар арқасында мемлекет өркендеп, өнегелі ұрпақ өседі.
Осы тұста 15 мамыр «Халықаралық отбасы» күніне орай, Кентау қалалық полиция бөлімінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция лейтенанты Айжан Абдукадырдың ұйымдастыруымен отбасылық спорттық сайыс ұйымдастырылды. «Жанұям қорғаным, ата-анам тірегім» атты сайысқа жеке құрам қызметкерлері қатысты. Отбасылық спорттық жарыс «Доппен жүгіру», «Қаппен секіру», «Секіргіштен (скакалка) секіру», «Арқан тарту», «16 кг гір тас көтеру» мен «60 метрге жүгіру» секілді кезеңдерден тұрды.
Жарыс бойы қатысушы жанұялар өздерінің ұйымшылдығын, спортқа бейімділігін көрсете алды. Нәтижесінде бас жүлдені учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Бекжан Қонысовтың жанұясы иеленді.
Ал І-орынды учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Нұржан Абдрамановтың отбасы иеленді. ІІ-орынды Кезекші бөлімшесінің жедел кезекші көмекшісі полиция старшинасы Ерлан Қошқарбаевтың жанұясы қанжығалады. ІІІ-орын болса, тергеуші полиция капитаны Айдархан Байымбетовтың отбасына берілді.
Барлық жеңімпаздарға «Алғыс хат» пен бағалы сыйлықтар табысталды.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі