Қазақстанда екі күнде 75 жол апаты болды. Салдарынан 27 адам қаза тапты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Құрметті азаматтар! Күн жылуына байланысты жолдарда көлік саны күрт көбейді. Дәл осы кезеңде жүргізушілер жол ережесін сақтамайды. Бұл қайғылы оқиғаларға алып келеді. Елімізде екі күннің ішінде 75 жол апаты болып, 27 адам қаза тапты. Жол көлік оқиғаларының көп бөлігі Жамбыл, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында болды. Апаттар көбіне қала сыртындағы жолдарда түнгі уақытта болып отыр. Төрт ірі жол апаты жеке тасымалдаумен айналысатын шетелде тіркелген автокөліктеріне қатысты болған», – деді ПД өкілі.
Ведомство мәліметінше, Жамбыл облысындағы Алматы – Шымкент тасжолында болған ірі апаттың біріне қатысушы – Toyota Alphard жүргізушісімен жолға шықпас бұрын полиция профилактикалық жұмыс жүргізген. Бірақ жол ережесін елемеген жүргізуші мен оның екі жолаушысы қаза тапты. Маңғыстау облысында жол апаты автокөліктің техникалық ақауына байланысты болған. Онда үш адам қаза тауып, біреуі жарақат алды.
«Өкінішке қарай, жеке тасымалдаумен айналасуға құқығы жоқ такси жүргізушілері көбейіп отыр. Жолда тексеру кезінде жүргізушілер мұндай жағдайларды жасырып, жолаушыларды туыстарым деп айтады. Ең өкініштісі, ол жүргізушілерді жолаушылардың өздері де қолдайды. Арзан жол жүру ақысына қызығып, өмірі мен денсаулығын ешкім ойламайды. Мысалы, ірі жол апаты 21 мамырда Жамбыл облысындағы Мерке – Шу – Бурыл байтал тасжолында тіркелді. Онда заңсыз тасымалдаушы анықталды. Осы апатта үш адам қайтыс болып, бір адам жарақат алды. Жол көлік оқиғасының тағы бір себебі – жүргізушілердің рөлде ұйықтап қалуы. Атырау облысының Құлсары қаласынан 10 шақырым жерде, Бейнеу – Атырау автожолында жеке тасымалдаумен айналысатын жүргізуші рөлде ұйықтап, алдында келе жатқан көлікке соғысып, төрт адам қаза тауып, екеуі жарақат алды. Жүргізушілердің назарына! Жолға шығар алдында сіз өзіңіз үшін ғана емес, жолаушылардың қауіпсіздігі үшін де жауапты екеніңізді ұмытпаңыз. Жылдамдықты асырмаңыз, жол ережесін сақтаңыз. Шаршаған жағдайда тынығып, демалыңыз. Біздің тараптан жол ережелерін бұзудың жолын кесу бойынша күшейтілген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлерінің жұмысы жазалауға емес, сіздердің өмірлеріңізді сақтауға бағытталған», – деді ҚР ІІМ ӘПК төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.