Қоғамдық кеңес мүшелері қатысқан отырыста Абай облысындағы орман өртінен қаза тапқан және зардап шеккендердің отбасына қаржы жинаған «Ақ Ертіс» қорының өкілдері жиналған қаржының қайда бағытталатынын баяндады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
«Ақ Ертіс» қоғамдық қорының төрағасы Қатият Мұсайыновтың айтуынша, қорға 500 млн теңге жинаған. Оның 100 миллион теңгесі бүгінге дейін зардап шеккендердің мұқтаждығына жұмсалды. Сондай–ақ, қор отбасыларға берілген тұрғын үйлерді толығымен жабдықтауды қамтамасыз етті.
«Өздеріңіз білетіндей, қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына «Қарағайлы» ықшамауданынан қалалық қордан 15 пәтер берілді. Біз оларды толықтай жабдықтап, барлық қажетті тұрмыстық техникамен қамтамасыз еттік. Сондай-ақ, бұл қаражат жерлеуге және ескерткіштер орнатуға жұмсалды. Өрт сөндіру көліктерінің жанар-жағармайына да төлем жасалды. Біз бұл шығындардың барлығын төледік, бірақ әлі де бірқатар шығындар бар. Бәрі біткен соң есеп береміз», – деді «Ақ Ертіс» қоғамдық қорының төрағасы Қатият Мұсаинов.
Қалған сома орман шаруашылығын жабдықтауға, өртсөндірушілерге және басқа да жұмыс қажеттіліктеріне бағытталады.
Сондай-ақ, БИ-2 тобының қайырымдылық концерті нәтижесінде жиналған қаражат 15 отбасының әрқайсысына 1,5 миллион теңгеден бөлінетін болады.
«Концерт жоғары деңгейде өтті. Барлығы бақытты. Ашуланғандар болған жоқ. V-project туристік компаниясы қаражат жинау және трансферт жұмыстарын өз мойнына алды. Жиналған қаражат мөлшері әлі нақты белгілі болған жоқ. Шығындардың барлығы есептелетін болады», – деді Семейдегі концертті ұйымдастырушы, «Semey Show» компаниясының өкілі Аркадий Резник.
Қазіргі уақытта қаражаттың есептелуі аяқталмағанымен, қаражаттың бір бөлігі Абай облысына жөнелтіліп, зардап шеккендердің әр отбасына 1,5 миллион теңгеден үлестірілген.
«Нақты сома есептелген кезде, V-project барлық есептерді ресми түрде өз веб-сайтында орналастырады, осылайша барлығы қаражаттың қайда жіберілгенін көре алады. Қалған соманың бір бөлігі өнерпаздардың өтініші бойынша волонтерлар мен өртсөндірушілерге арналған жабдыққа жұмсалады», – деп қорытындылады Аркадий Резник.