Ұлттық құндылықтарды түгендеп, ұлт болашағына қатысты мәселелердің оң шешілуінде бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы зор. Содан болар, журналистерге қатысты қанша сын, ескертпе айтқанымен, басына іс түсіп, шарасыздықтан шаршағанда жұрт бәрімір көмекті журналистер қауымынан сұрайды. Ал сол қаламын қару еткен БАҚ өкілдерінің өз мәселесі де аз емес. Оның біразы «Қазақ» газетінің 110 жылдығына орай ұйымдастырылған басқосуда талқыға салынды.
Мазмұнды шараға «Қазақ медиа қауымдастығы» мұрындық болды. Қазақ баспасөзі мен ақпараттық сайт өкілдері жиналған дөңгелек үстелде тарихшы-ғалым Светлана Смағұлова «Қазақ» газетінің тарихы, басылымды шығарған Алаш арыстарының еңбегі, қоғамды ояту үшін көтерілген маңызды тақырыптар туралы сөз қозғады. «Біріншіден, газетті үнемі бақылауда ұстаса да, сол кездің өзінде бейресми, үкіметтің әкімшілдік, әміршілдігіне бас ұрмады. Екіншіден, басылым қазақтың зиялы қауымын, бас көтерер азаматтарын біріктіріп, жұмылдыра білді. Үшіншіден, ұлттық мүдде жолында қызмет етіп, халықтың мұңмұқтажын көтере білді», – деді тарихшы. Жиында сөз алған «Алаш айнасы» сайтының редакторы Серік Жанболат ақпараттық қауіпсіздіктің ескерілмей келе жатқанына, дүңгіршектердегі қазақ басылымдарының орнын ресейлік басылымдардың жаулап алғанына ренішін білдірді. Расында, сауда орындары мен дүңгіршектерде тек ресейлік басылымдар сатылымда. Ал олар өзге елдің мүддесін қозғап, өзге елдің саясатын дәріптейді. Осының өзі біздің ақпараттық қауіпсіздікке көңіл бөлмеуіміздің нақты дәлелі. «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Думан Анаш «Қазақ басылымдарының жағдайы мәз емес. Жазылу мәселесін айтып келеміз. Басылымды шығаратын баспахана қызметі, жеткізу құны қымбаттап кетті.
Бірақ басылымға жазылу құны өзгерген жоқ. Сонда да жазылатындар кем», – десе, «Қазақстан дәуірі» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы: «Газет – рухани құндылық. Алайда, қазір мәжбүрлеп жаздыруға болмайды дегенді сылтау етіп, ешбір құзырлы орын газетке жазылмайтын болды. Ең болмаса, республикадағы барлық кітапхана, мектеп кітапханаларына газеттерді жаздыратын болса, бізге үлкен көмек еді» деген ойын ортаға салды. «Қала мен дала» газетінің редакторы Думан Бықай «Қазіргі оқырман қазақ басылымына ақша шығарып, жыл бойы мазмұнды дүние оқығаннан, 90 мыңға коучтардың сабағына қатысқанды тәуір көреді» деп өзекті мәселенің шетін шығарса, «Жас алаш» газетінің редакторы Алмас Нүсіп: «Егер басылымға деген көзқарас өзгермесе, журналистерге көшеге шығудан басқа амал қалмайды. Алғашқы газеттерді журналистер көшеде айғайлап жүріп жарнамалап сатқан ғой. Бәлкім, бізге де осы әдіске қайта оралу керек шығар» деп әріптестерге ой тастады. Жиынды ұйымдастырып, жүргізген белгілі журналист Өміржан Әбдіхалық қазақ журналистикасын көтеруге қатысты пікірлерді қорытып, орынды ұсыныстарды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің назарына ұсынатындарын жеткізді. Иә, қазақ басылымдары бетпе-бет келіп отырған мәселелерді қазақ журналистерінен артық ешкім білмейді. «Қазақ» газетінің 110 жылдығына орай өткен басқосуда оның бірқатары айтылды. Енді осы түйткілдер талқы тақырыбына ғана тұздық болмай, тезірек шешімін тапса нұр үстіне нұр.
Айнұр СЕМБАЕВА, «Заң газеті»