Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-9 C
Nur-Sultan
-7.1 C
Almaty
-0.7 C
Shymkent

«Түртпектеп қоймайды:»Барахолкада тағы шу

Танымал

Ел аузында

Алматы әкімдігі 300-ден аса кәсіпкер нәпәқасын тауып отырған базардың орнына саябақ салмақ. Кеше бір топ кәсіпкер Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық акімшілік сот ғимаратының алдына жиналды. Себебі «Рахат» базарына қатысты кезекті сот отырысы өтті. Алғашында базардың орнына жиһаз фабрикасы салынатынын айтқан әкімдік өкілдері енді бұл аумақта саябақ бой көтеретінін жеткізген. Алайда кәсіпкерлер «бұл жоспарлардың барлығы сауда орталығын өзге кәсіпкерлерге берудің амалы» екенін айтып отыр. 2018 жылдан бері әкімдікпен соттасып, 1 жылдан аса жарықсыз отырған 300-ден аса кәсіпкердің сөзінше, мемлекетке «салықты уақытылы төлеп отырса да, түртпектеп отырғызбайды».

Машаева Нұрбану – бұл шешімге қарсы болғандардың бірі. Көпбалалы ана «базардың орнына саябақ салу ақылға қонымсыз шешім» деп есептейді. 

Себебі ол Ялян мен Батыр секілді базарлардың арасындағы аумаққа демалыс орнын салар болса, қоқыс алаңына айналып кетеріне сенімді.  

«Менің төрт балам бар. Отбасымызбен нәпәқамызды осы базардан тауып отырмыз. Базардың қақ ортасында қалай саябақ салуға болады. Мен өзім сол ауданда тұрамын. Бұл жерге саябақ салу мүлдем тиімсіз. Бұл базарлардың арасында орналасқан аумақ. Ол жер әпсәтте қоқыс алаңына айналып шыға келеді. Ол жерге кім демалуға барады. Бәрі сауда жасайды да кетеді», – дейді ол.

«Жалға алу құнын жабу үшін тауардың бағасын 3 есе өсіру керек»

Сонымен қатар, кәсіпкерлер бұған дейін ешқандай заңбұзушылық жасамағандарын айтты. Алайда әкімдік өкілдері осы аумаққа көз алартуын доғармапты. Тіпті саудагерлерге өзге базарлардан орын қарастыруды да ұсынған. Ал жұртшылық өзге сауда орындарында жалға алу құнының шарықтап тұрғанын алға тартты.

«Базарда 300-ден аса саудагер жұмыс істейді. Әрқайсында 3-4 бала бар. Сонда Үкімет кем дегенде 2000 адамды тамағынан айырғалы отыр. «Кенжехан секілді бірқатар базарларға барыңдар» деді. Жаңадан салынған сауда орындарына барайық десек жалға алу құны шарықтап тұр. Ал Рахат базарында жалға алу құны – 38 мың теңге. Ал өзге сауда орындарында бір шаршы метріне 20 мың теңге сұрайды. Ал айына 100 мың теңге төлеу үшін тауардың бағасын 3 есе көтеру керек. Қымбатшылықта осыдан туындайды», – дейді кәсіпкер Еремжан Марванов. 

Бұл бір ғана мәселе. Ал 2022 жылғы сәуірде Жетісу ауданының қазіргі әкімі Гүлнар Қоқабаева кәсіпкерлерден базардан кетуін талап етіп, электр жарығын айырып тастаған. Салдарынан кәсіпкерлер 1 жыл 4 ай бойы жарықсыз отырған. Содан бері күніне 60 мың теңге төлеп, арнайы генератор жалдауға мәжбүр болыпты. Осы уақыт аралығында 30 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған екен. Қуанышқа орай, осыдан шамамен екі апта бұрын ғана жарық қайта беріліпті.

«Базардың жеріне көз салу Бауыржан Байбектің кезінен басталды»

Ал кәсіпкер Айбар Әлібеков әкімдіктің адамдар демалатын орын саламыз деген шешімі қисынсыз екенін айтады. Ол бұл ашық түрде «Рахат» базарын өздерінің таңдаулы адамдарына тартып әперуде қолданылып отырған кезекті бір қитұрқы амалы екенін жеткізді. 

«Алғашында жиһаз фабрикасын саламыз деді. Енді келіп саябақ саламыз дейді. Бұл әрекеттерден жемқорлықтың нышандары байқалып тұр. Бір кәсіпкерден алып екіншісіне бермекші. Жаңа әкім келсе болды базардың басшылары да өзгеріп тұрады. Ол жер базар болып қала береді. Саябақ саламыз дегені – халықты алдау. Кәсіпкерлерді орнынан кетіру үшін ойлап табылған айла-шарғы», – дейді кәсіпкердің бірі.

Кәсіпкердің бұлай деп айтуына толықтай негіз бар. «Рахат» базарының басындағы дау осыдан 5 жыл бұрын басталған екен. Себебі 2018 жылы 15 мамырда Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек бұл жерді ТКМ ЖШС-не бермейтінін мәлімдеген. Ол жерде футбол алаңы немесе жатақхана салынатынын айтыпты. Сөйте тұрып 2019 жылы өзге инвестициялық жобаны іске асыру үшін «жиһаз фабрикасын» саламыз деп шешім қабылдаған көрінеді. Алматының бұрынғы әкімінің бұл әрекетін ТКМ ЖШС компаниясы 3,5 жыл соттасып тоқтатыпты.  

«Бауыржан Байбек фабриканы салуға тапсырма бергенде, бүкіл заң талаптарының бәрін өрескел бұзды. Оны біз 3,5 жыл соттасып жүріп қабылданған қаулының  күшін жойдық. 2019 жылы ТКМ ЖШС арызын қабылдап, тиісті жер құқығын анықтау туралы сот шешімінің орындалуын күтіп жүрдік. Сот 2019 жылы Алматы қаласы әкімдігі мен жер қатынастары басқармасына 14 күнде жіберілген құқықбұзушылықтарды қалпына келтіріп, орындауды міндеттеген болатын», – дейді ТКМ ЖШС заңгері Жамиля Төленова. 

Ерболат Досаев: Мен сіздердің жобаларыңызды қолдамаймын

Байбектің дәурені өткеннен кейін бұл іс Бақытжан Сағынтаевты айналып келіп, Алматының қазіргі әкімі Ерболат Досаевтың кезінде қайта көтерілді. Жер комиссиясы аталған аумақты биыл 16 ақпанда Жетісу ауданы әкімдігіне абаттандыру үшін берген. Ал саябақ салынатыны туралы 14 маусымда өткен жер комиссиясында комиссия төрағасы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әбдіқадыров Әлішер Елісұлы айтты. Ол сотта жеңгенін айтып, абаттандыруға ақшаның бөлінгенін, Рахат базарының орнына саябақ салынғанын жеткізді. 

Қаңтарда Ерболат Досаев Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесуде ТКМ ЖШС заңгері Жамиля Төленованың қойған сұрағына «Мен сіздердің жобаларыңызды қолдамаймын. 15 жыл бойы модернизация жасамадыңдар» деген бір ауыз сөзі себеп болыпты. Ал заңгер құқықтары толық қорғалмай тұрып, кәсіпкерлерді модернизация жасауға шақыра алмайтынын айтты. 

«Аспанда аяғымыз салбырап тұрғанда қайдағы сауда үйі. Онсыз да базар деген кәсіптің белгілі бір саласы болатын. Алматы қаласындағы орталық әмбебап базарының сегменті бұзылған. Әркім өзінің ойына келгенін жасап отыр. Алайда базарларға қатысты ешқандай заң жобасы жоқ. Тек ережеге «Модернизацияны әр кәсіпкер өзі жасауы керек» деген өзгеріс қана енгізілді. Соттың барлық нормалары әкімдік пен оның құрылымдарына мүлдем қатысы жоқ секілді. Бұлар тек өздерінің жеке амбицияларын қанағаттандыру мақсатында бүкіл заңды белшеден басып, өздерінің қалауын істегісі келіп отыр», – дейді ол.

Сондай-ақ, нақты шешім шығарылмай, сот отырысы кейінгі шегеріліп, 22 тамызда өтетін болды. Ал заңгер «сот тарапы да, мемелекеттік тарап та кәсіпкерлердің арасына арандатуды қолдан жасап отыр» деген пікірде.   

«Заң талаптары өрескел бұзылып отыр. Мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлғалардың жеке өздерінің көкіректері заңға қарауға, кәсіпкерлердің жағдайына қарауға және халықтың мұқтажына құлақ асуға жібермей отыр. Ең ашындыратын дүние конституция бойынша халық біздің елде мемлекеттік биліктің қайнар көзі. Алматы әкімдігі халықтан өзін биік ұстап отыр. Енді біздің әр қадамымыз біздің елде қабылданған бірақ қабылданбай жатып жаназасы шығарылған жаңа заң нормаларын оятуға, оларға өзгерту енгізуге сеп болар болса біз әділдік жолында әрі қарай соттасуға дайынбыз», – деді ТКМ ЖШС заңгері Жамиля Төленова.

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

Түркістанда «Заң және Тәртіп – қауіпсіз қоғамның кепілдігі» атты форум өткізілуде.

Мемлекет басшысы құқық қорғау және бейінді мемлекеттік органдардың алдына азаматтардың жан – жақты қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін қойды. Біздің...