Тимур Құлыбаев қоғамдық шарада көзге түсті. Ұлттық Олимпиадалық комитеті Алматы облысында спорт қайраткерлерін салтанатты марапаттау рәсімін өткізді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ҚР ҰОК басшысы Тимур Құлыбаев Олимпиада чемпиондары Владимир Смирновты (шаңғы жарысы), Александр Винокуровты (тас жолдағы велоспорт) және Ермахан Ибраимовты (бокс) ҚР ҰОК жоғары наградасымен – Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің орденімен марапаттады.
Арнайы іс-шара аясында 30 жыл ішінде Қазақстан Республикасында олимпиадалық қозғалыстың дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер мен спорт қайраткерлеріне, көрнекті спортшылар мен жаттықтырушыларға салтанатты құрмет көрсетілген. Бұл марапаттау рәсімінде Олимпиада чемпиондары Дмитрий Баландин мен Серік Сәпиев те көзге түсті.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті (ҚР ҰОК) 1990 жылы 3 ақпанда құрылды. 1992 жылы ҚР ҰОК ресми тіркеліп, 1993 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті растады. Оның қазіргі президенті – Тимур Құлыбаев.
Еске салайық, бұған дейін Тимур Құлыбаев жаңа қызметке тағайындалғаны хабарланған еді.